Кешқұрым “Мирас” мәдениет үйіне ағайынның қарасы көп жиналады. Әдеттегідей бұл жағдай алыстан ат терлетіп, танымал өнерпаздар келгенде қайталанатын. Ал бұл жолы олай емес. Концерт қоятын Тобыл-Торғай топырағынан шыққан қарапайым қазақың қарадомалақ балалары.
Десе де Асхат-Дидар Шыңғысовтарды көзі қарақты алыс-жақын жұрт танып алған.
Өнерде де өмірде де қатар келе жатқан жұбайлар кезінде:
“Осы жұрт жеке дауыстағы әншілерге қарағанда, жұптарды тез таниды. Бізде солай ел алдына шықсақ,” деп армандаған.
Бүгінде республикалық деңгейге дейін жетіп, талай сахнада өз өнерлерін паш етіп үлгерді.
“Ел алдына шығып, өнер көрсету оңай шаруа емес. Бұған дейін Қостанай, Ақмола облыстарының ауылдарын аралап, жиырма концерт бердік. Осы кезде қолдау білдіретін бір жан табылмаса, ел көру қиын”, – дейді “Біздің концерт” жобасын жүзеге асырып келе жатқан жұлдызды жұптың продюсері Мұрат Нағашыбай.
“Ер мойнында қыл арқан шірімейді” деп қазақ бекер айтпаса керек. Жас таланттарды Мұраттай азамат бастап, Асхат Ғалымұлы, Айбатыр Ниязбекұлындай ел ағалары қостап, жұмыла жүгін көтерісті. Қиындығы мен қызығын халық болып бөлісті.
“Бірікпейтін ел болмайды, болайын деген ерін сол халық көтереді. Ағайынның батасымен ел көгереді. Осы бір тоқтамға келіп, шымылдығымызды халық әнімен ашып келеміз”, – дейді Асхаттың өзі.
Бұл бір ұзақ әңгіме. Асхатты да, Дидарды да елге танытқан қазақтың халық әні еді. Асхат Төлегенұлы “Айқаракөз” әнімен көрініп, бүгінде жезтаңдай әншіге айналды. Ақын Еркебұлан Аңдамасовтың сөзіне жазылған сазгер Анар Әбеуованың лирикалық әндері жұбайларды сахна төріне алып шықты. Бақытжан Байқадамов, Бақытжан Сәуекенов, Калибек Деріпсалдин, Алтай Сейтқасымов, Болат Хамзин әндерімен қанаттанды. Репертуарындағы осынау әсем әндерімен “Мирас” мәдениет үйіне жиналған қостанайлық көрермендерді тәнті етті.
Бұл сөзімізді облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаев та қоштап отыр.
“Жұлдызды жұп Тобыл-Торғай өңірінің өнерін Алатаудың баурайына дейін танытып келсе, кеше ғана Қанат-Әсем атты жұбымыз Астана қаласынан оралды. Осындай жастарымыз еліміздің ертеңгі болашағы”, – деп атап өткен Дәмер Қалқаев облыстық мәдениет басқармасы басшысы Құралбек Атамұратовтың алғыс хатын оқып берді.
Асхаттың ағасы Бауыржан Шыңғысов қолдау көрсеткен елге алғысын айтты. Інісіне ағалық ілтипатын білдіріп, сый-құрмет жасады. Астына ат мінгізді. Асхаттың да, Дидардың да өнерге келуі тегін емесін жетесіне жеткізе айтты.
Асхат пен Дидар бір ауылдың тумасы. Асхаттың атасы Қасымхан Нұрхан ақынмен үзеңгілес болып, өнерге жақын жүрген.
Төгілтіп ән айтып, жүрген жерін думанға бөлеген. Әжесі сүйрік саусақтарымен күй шалқытқан. Ал Дидарға бұл қасиет әкесі мен оның нағашыларынан дарыған.
Әкесі Әлібек Кәдірұлы халық әндерін шырқап, облыстық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев