Қостанайда жол сапасы талапқа сай ма?

Қостанайда жол сапасы талапқа сай ма?

Жолдардың сапасыз болуының басты себебі – жемқорлық және мердігерлердің жауапсыздығы. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да айтқан еді. Бұл жұмыс Қостанай қаласы билігінің де басты назарында тұр. Қазірдің өзінде облыс орталығындағы жолдардың 99% жақсы және қанағаттанарлық деңгейде деп бағаланып отыр. 

 Қала тамырының бүлкілі

«Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында осындай міндет жүктеген еді. Әрине, бірінші кезекте сапа естен шықпауға тиіс. Мемлекет басшысы осы мәселені де сынға алған. Қостанайда осы бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асып жатыр? Жергілікті билік өкілі бізге тәптіштеп айтып берді.

Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, облыс орталығының инфрақұрылым әлеуеті артып келеді. Ауқымды жобалар бар. Автожолдар мен көшелерге тас төселіп, аулалардың да жай-күйі жақсара түскен. Балалардың ойын алаңдары, спортқа арналған орындар салынуда. Жағажай аумағы көркейіп, алдағы уақытта шағын саябақтардың да саны артпақ. Демек, Жолдауда жүктелген міндет орындалып жатыр деуге негіз бар.

Жұмыс көлемі ауқымды. Қаланың солтүстік-батыс бөлігінен А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайына кіреберіс жол ашылды. Ол “Береке” және “Әуежай” шағын аудандарын жалғайды. Жоба құны 914 млн теңге. Ұзындығы 1,1 шақырым, ені 8 метр. Екі қозғалыс жолағы, жаяу және велосипед жолы бар. Қос беткейі жарықтандырылып, 44 бағанға 88 жарық шамдары орнатылды. Мұнда қосылған құн салығына 141 млн теңге жұмсалды, 400 млн теңгеге жол салынды. Қалған қаржы газ, электр мен өзге желілерді алмастыруға кетті. Сонымен қатар, келер жылы 38 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Оған техникалық құжаттама әзірленіп, ведомстволық сараптамадан өткізіліп жатыр, – деді ТКШ бөлімінің басшысы Денис Петрухно.

Облыс орталығында 5 көше қайта реттеліп, 60 көше орташа жөндеуден өткізілді. Жалпы 34,3 шақырым жол мен 53 аула қамтылған. Жөндеу жүргізілген көшелер қатарында Абай даңғылы бар. Тәуелсіздік көшесінің шекарасында жол өткелі жасалып, 6 шақырым асфальт төселді. Жиектас жаңартылып, техникалық жолақтар ауыстырылды. Ұзындығы 7,9 шақырым 5 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Қостанай-Тобыл тас жолы да жаңарып қалды. Орталық көшелермен қатар шеткері көшелер де назардан тыс қалмады. Алтынсарин, Чехов, Карбышев, М.Хәкімжанова, К.Дөненбаева көшелерімен қатар, Промышленная, Чернышевский, Энгельс, Солнечный, Дружба сияқты бас-аяғы 14 көше жөнделді.

Ұзындығы 7,8 шақырым болатын 40 көше қайта жаңғырту әдісімен орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Фролов көшесінен “Притобол” саябағына кірме жол жасалды. Ұзындығы 2,2 шақырым. Бұл ретте 4 жоба жүзеге асады. Оның үшеуі аяқталды. Саябақта 280 орындық автотұрақ пайда болады. Сондай-ақ, қонақ үй бой көтеріп, мейрамханалар мен кофеханалар, түрлі демалыс орындары салынады, – дейді Д.Петрухно.

 

Оңтайлы бастама, тиімді амал

            Қалада биыл 53 аулада жөндеу жүргізілді. Осы жұмыс кезінде 124 мың шарты метр асфальт жабыны жаңартылып, 20 мың жиектес орнатылған. Жаңа автотұрақ орындары жасалды. Бұл жұмыстың барлығы қазан айында аяқталды.

Аула аумақтарын абаттандырудың маңызды аспектілерінің бірі – жаңа балалар мен спорт алаңдарын орнату. Қостанай қаласында барлығы 474 аула аумағын жабдықтау қажет. Оның ішінде 2016-2023 жылдар аралығында 289 балалар мен спорт алаңдары абаттандырылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда бұрын орнатылған 50 алаң жөндеуді қажет етеді. Қазір 25 алаңға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Аула аумағын абаттандыру аясында 8 балалар, 5 спорт және 5 стритбол алаңы орнатылды, – дейді ТКШ бөлімінің басшысы.

Айта кетейік, “Халық қатысатын бюджет” бағдарламасы шеңберінде 16 аула аумағында балалар мен спорт алаңын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл да Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған, басқару жүйесін жетілдірудегі оңтайлы бастама әрі жемқорлықтың алдын алудың тиімді амалы болып отырғаны сөзсіз. 2024 жылы 20 балалар спорт алаңы және “Халық қатысатын бюджет” бағдарламасы арқылы 8 балалар спорт алаңын орнату жоспары тұр. Саябақтардың да жай-күйі жақсарған. Қалада 4 негізгі саябақ бар. Онда абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Шаһар басшылығы саябақтарды күтіп ұстау жөнінде мердігер ұйымдармен шарт жасасқан.

Мердігерлер шарт шеңберінде саябақтарды жинау, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді. Анықтама үшін айта кетейін, орталық саябақ пен Гашек көшесіндегі саябаққа “Жаңа өмір” ЖШС, “Жеңіс паркіне” “Қазақ саңыраулар қоғамы” ҚҚ, “Триатлон паркіне” “Қазақ зағиптар қоғамы” ЖШС жауапты. Гашек көшесіндегі саябақта 30 мың шарты метр аумақ, яғни көгал автоматты түрде суарылады. 402 дана көшет отырғызылды, – дейді ТКШ бөлімінің басшысы.

Сондай-ақ, Алтынсарин-Байтұрсынов көшесінің қиылысында орналасқан орталық сквер абаттандырылып, 9 200 шаршы метрге тастөсем төселді. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері ауыстырылған. Гүлзарлар қойылып, Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішінің негізіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық Байтұрсынов, Тәуелсіздік және Пушкин көшелерінің шекараларында 5 300 шаршы метр тастөсем ауыстырылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері жаңартылған.

Қалада 20 станционарлық субұрқақ бар. Биыл А.Байтұрсынов, Гоголь және Пушкин көшелерінің шекарасында орналасқан 6 субұрақты күрделі жөндеуден өткіздік. Оның біреуі жаяу жүргішілер субұрқағы және орталықтағыны жаңғыртып әуенді субұрқақ етіп жасадық. 2024 жылы қолданыстағы субұрқақтарды жөндеу үшін баға ұсыныстары алынды. “Март” және “ОӘД” СОО арасындағы, Гашек көшесіндегі, Жастар бульварындағы (4 дана), “Тың игерушілер” саябағындағы субұрқақтарды жөндеп, іске қосамыз. Сондай-ақ, 7 жаңа жүзбелі субұрқақ орнатамыз, – дейді ТКШ бөлімінің басшысы.

Қай істе де сапа басты назарда. Бұл туралы қала басшылығы жиі айтып келеді. Мемлекет басшысы сапалы жұмысты, адалдықты талап етіп отыр. Бүгінге дейін басталған, жасалған істің берекесін кетірмеу үшін осыған мән беру маңызды. Бұл – Әділетті Қазақстанның басты ұстанымдарының бірі.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу