Қостанайда жазасын өтеп жүрген екі азаматқа алкогольге тәуелділіктен арылту шарасы жүргізілді

Қостанайда жазасын өтеп жүрген екі азаматқа алкогольге тәуелділіктен арылту шарасы жүргізілді

Қаладағы ең төменгі қауіпсіздік колониясында жазасын өтеп, босатылғалы отырған екі адамға ішімдіктен арылуға көмек көрсетілді. Яғни, бостандыққа шыққан соң қайта ішімдікпен «дос» болып, арыла алмаймын деген өзіне сенімсіз адамдарға дәрігерлер ерікті түрде көмек береді.

Бұл жұмыстарды денсаулық сақтау басқармасы мен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бірігіп атқаруда.

Екі мекеме арасында меморандумға қой қойылған. Келісімшарт негізінде ең төменгі қауіпсіздік қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан екі адамға ішімдіктен арылуға көмектесетін «кодтау» процедурасы жасалды. Бұл олардың ащы суға деген құмарлықтарын басатын арнайы медециналық ем түрі.

«Жазасын өтеп бітуге бір айдай уақыт қалған кезде оларды босатуға дайындаймыз. Яғни, жұмыс орынын қарастырамыз, кіммен тұратынын анықтап білеміз. Жалпы айтқанда босатуға дейінгі жұмыстарды толық атқарамыз. Әңгімелесу кезінде олар егер айтса «мен бостандыққа шыққан кезімде өз-өзімді басқара алмай, ішімдік ішіп қоямын, сол себепті осы процедуралы алғым келеді» десе, олармен психологиялық деңгейде әңгіме жүргізіп, басшылар сөйлесіп, содан кейін ғана осындай медициналық қызмет түрін алады. Кодтау жүргізілген соң ол адамның денсаулығын дәрігер мен біздің қызметкерлер бір сағаттай бақылайды. Егер кері әсер болмаса, сәтті атқарылғаны», – дейді Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі, әділет подполковнигі Динара Камбарова.

Департамент өкілінің сөзінше, бұл жұмыстар сотталғандардың денсаулығын қорғау, саламатты өмір салтына үйрету және бостандыққа шыққан соң қайтадан заң бұзудан сақтау үшін істеледі.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті ұсынған – Динара Қамбарова