Облыс жастары арасындағы құқық бұзудың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету үшін түрлі іс-шаралар атқарылуда. Бұл тәлімгерлер клубы да осы бағытта жұмысын атқармақ. Ол туралы Қостанайда өткен жастар форумында айтылды.
Жастар сарайында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға бағытталған – «Жас қолдаушы» жастар форумы осының дәлелі. Ауқымды іс-шараға облыс әкімі, облыс прокуроры, мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ «Патруль» телехикаясының актерлері Медет Аманбаев пен Еділ Анарбай қатысты. Форумға 1000-нан астам жас жиналды.
Форумды өткізудегі басты көздегендері жастар арасында заңға құрмет пен тәртіп мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және мемлекет пен жастар арасындағы ашық диалогты нығайту болды.
Айтулы іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысып, облыс жастарына ерте кезеңнен құқықтық тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жеке адамнан бастап, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін атап өтті. Елімізде жаңа құндылықтар қалыптасып, азаматтардың жауапкершілігі артып келеді. Елдің болашағы әр азаматтың тәртібі мен саналы әрекетіне байланысты. 2022 жылы облыс аумағында 6859 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Осы статистиканы азайту үшін, тұрғындардың, соның ішінде жастардың тәртіпке қатаң көзқарасын қалыптастыру үшін бірқатар шаралар қабылдадық. Біріншіден, соңғы 3 жылда өңірде құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, электрондық бақылау құралдары енгізіліп, полицияның материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Қоғамдық орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты тіркеу жүйелері жақсаруда. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін арттыру үшін жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін жаңа кешендер орнатылды. Бұл жүйелер жол-көлік оқиғаларының азаюына және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Екіншіден, жастардың негізгі мәселелері баршамызға белгілі. Бұл – жұмыспен қамту, тұрғын үй және бос уақытын тиімді пайдалану. Соңғы жылдары Қостанайда заманауи талаптарға сай зауыттар мен өнеркәсіп орындары ашылуда. КИА, Камлит секілді компанияларында бірнеше мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Бұл біздің жастарға зор мүмкіндік. Жаңа өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың 55 пайызы – жастар!», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзін мысалға келтірді.

«Заңды сақтайтын адам – еркін адам, ал заңды елемеген жан ерте ме, кеш пе өз әрекеті үшін жауап береді. Әрбір азаматтың жауапкершілігі, адалдығы және тәртіпті сақтауы өңіріміздің тұрақты дамуының негізі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар. Мен Қостанай облысының жастары ел дамуына зор үлес қосып жүрген белсенді әрі жауапты азаматтар деп санаймын. Сіздер көтерген бастамалар – мемлекет дамуының жарқын көрінісі. Азаматтық ұстаным мен бірлескен күш-жігер арқылы ғана Қостанай облысын қауіпсіз, тұрақты және дамыған өңірге айналдыра аламыз. Ел Президенті айтқандай, біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Тәртіп пен әділдік – сенімді болашақтың негізі. Ал қауіпсіз қоғам құру ортақ мақсатымыз! », – деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі облыстық прокуротура. Форумда сөз алған Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаев дарынды, белсенді жастардың жиналғанын көріп ризашылығын білдірді.

«Көп жағдайда прокуратура қызметі десе, көпшіліктің ойына қылмыстық істер, тексерулер, үкімдер, күңгірт кабинеттер елестейді. Алайда өмірде прокурорлар да – қарапайым адамдар, бәріміз сияқты азаматтар екенін түсінгендеріңіз жөн. Сондықтан біз болашақ туралы, сіздердің алдарыңызда тұрған өмірлік таңдаулар жайында сөйлесу үшін жиналдық. Жастармен кездескен сайын байқайтыным – білім алу арқылы сіздер өмірге жолдама аласыздар. Осы сәттен бастап ересек өмірге бастайтын қызықты да жауапты, таңғажайып сапар басталады. Әрине, бұл өмірде қуанышты, әсерлі сәттер көп болады. Сонымен бірге таңдау жасауға тура келетін кездер де аз емес. Барлығыңыз «Не жақсы, не жаман?» деген ұғымды білетін жастасыздар. Дәл сол таңдаулы сәттерде сіздер жақсы мен жаманды ажырата алатын деңгейге жетесіздер. Өйткені мектепте немесе оқу орнында қателік үшін баға ғана аламыз: біреу – «үш», біреу – «төрт». Ал ересек өмірде қателіктің құны мүлде басқа. Кейбір қателіктерді түзетуге болады. Кешігіп қалсаң, келесіде кешікпеуге тырысасың, біреуді ренжітсең, кешірім сұрайсың. Ал кейбір қателіктер бар – олар түзетілмейді. Өкінішке қарай, өмірде артқа қайтып, бес жыл бұрынғы сәттерді қайта бастау мүмкін емес. «Өмір» деп аталатын бұл сапар бір-ақ рет беріледі. Сондықтан сіздерден өтінерім – әрдайым дұрыс таңдау жасауға ұмтылыңыздар. Иә, бүгін статистика жақсарып келеді. Бірақ сонымен қатар соңғы бес жылда облысымызда 91 жасөспірім сотталған. Бұл – тағдырлардың сынуы, жәбірленушілердің болуы деген сөз. Сол себепті жақсы мен жаманның арасындағы таңдауға бейжай қарамай, әр қадамыңызды ойланып басуларыңызды қалаймын», – деді Марат Сексембаев.

Елімізде танымал «Патруль» телехикаясының актерлері Медет Аманбаев пен Еділ Анарбай форумға қатысып, жастарға ағалық ақылдарын жеткізді.

«Менің ойымша, бұл – өте дұрыс әрі уақтылы бастама. Құқықтық сауаттылықты әрдайым арттыру қажет деп есептеймін. Бұл тек құқықтық қана емес, қаржылық, жалпы өмірлік сауаттылыққа да қатысты. Жастардың кез келген саладағы білімін дамыту – маңызды міндет. Қазір ақпарат өте көп, оның ішінде жастарға қажетсіз, тіпті зиянды мәліметтер де жеткілікті. Сонымен қатар білім алуды жеңілдететін түрлі құралдар бар. Бірақ бұл тұрғыда да педагогикалық тұрғыдан ойланатын мәселелер бар деп есептеймін. Өйткені жастар білімді өз еңбегімен, өз қолымен меңгеруі керек. Жалпы алғанда, ғаламдық интернет пен әлеуметтік желілердің пайда болуымен бірге күрделі мәселелер де көбейді. Тек форумдармен шектеліп қалмай, жұмыстарды жергілікті деңгейде де жүргізу қажет деп ойлаймын. Яғни оқу орындарында, мектептер мен жоғары оқу орындарында тұрақты кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», – дейді актер Медет Аманбаев.
Форум аясында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті жанынан тәлімгерлер клубының іске қосылғаны жарияланды.
Бұл бастама «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың нақты тетігі болмақ. Клуб мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдері мен жастар арасындағы тұрақты байланыс алаңына айналып, оқушылар мен студенттерге құқықтық қолдау көрсетуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға көмектеседі.
Былтырғы дереке көз жүгіртсек, білім орындарында үш жүзге тарта дәріс пен кездеу өткен. Оған шамамен 50 мың студент пен оқушы қатысты. Кездесулерде есірткі мен ішімдікке тәуелділіктің алдын алу, интернеттегі құқық бұзушылықтар мен киберқылмыстарды болдырмау мәселелері түсіндірілді.
Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары облыс аумағында тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейінің төмендеу үрдісі байқалуда. Жалпы қылмыс саны 2022 жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға азайған. Яғни, төрт жыл бұрін 6 мыңнан асса, былдырғы дерек 4926. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысы оң нәтиже беріп отырғанын және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының күшейтілгенін көрсетеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
