Қостанайда жаңа Студенттер үйі ашылды

Қостанайда жаңа Студенттер үйі ашылды

Айтулы іс-шара Республика күніне орайластырылды. Заманауи Студенттер үйінің ашылуы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті үшін ғана емес, бүкіл Тобыл-Торғай өңірі үшін жарқын оқиға.

Іргелі оқу орнына 85 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде миллиондаған білімді де білікті мамандар түлеп ұшып, қаншама студенттер үлкен өмірге қадам басты. Республика күні әрі оқу орнының 85 жылдық мерейтой қарсаңында бір-бірімен жақын орналасқан үш қабатты төрт тұрғын үй студенттерге пайдалануға берілді. Ауданы – 3855 ш.м. Ол 324 орынға арналған. Жайлы жиһаздары бар бөлмелер, асхана, жаттығу залдары – мұның барлығы студенттердің ыңғайы үшін жасалған.

«Құрметті студенттер, баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен және жатақхананың ашылуымен құттықтаймын. Әрине, білімді маман болу үшін сапалы білім алу керексіздер. Білім алу үшін жататын жерлеріңіз дұрыс болу керек емес пе?! Бүгінгі Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, 320 студентке арналған жатақхана беріліп отыр. Енді студенттерге пәтер жалдаудың қажеті жоқ, барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетінің студенттері үшін жатақханалардағы орын тапшылығын 100%-ға жаптық. Бұған дейін медициналық коллледже 250 орын жатақхана, Қостанай автомобиль көлігі колледжі 500 орынды студенттері үйі пайдалануға берілді. Биылдан бастап Қостанай универтеті мен Миннесота университеті қос дипломды бағдарламасы басталды. Үш жыл Қостанайда оқып, бір жыл АҚШ білім алады, – деп түйіндеді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Нысанның құрылысы 2021 жылы басталды. Жобаны «Статус трейд» ЖШС жүзеге асырды. 2021 жылы «Статус Трейд» ЖШС-мен жаңа шарт жасалды. Шарт бойынша жатақханалар салу жобасы ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылды.
Ашылу салтанатында «Статус Трейд» ЖШС директоры Дулат Бірімжанов та болды. Ол жобаны жүзеге асыруға көмектескені үшін аймақ пен университет басшылығына алғысын білдірді. Сондай-ақ, студенттердің жаңа үйінің ашылуын рәсімі профессор және тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы пен Айтмұхамбетов атындағы инженерлік және техникалық институты директорының міндетін атқарушы Берген Қалақов қиды. Шашу шашылды. Студенттер үйі негізгі кампустан алыс емес. Бұл білім алушылар үшін де жайлы болмақ.

«Еліміздегі жоғары білім саласында Ахаң атындағы университетінің алатын орны ерекше. Ахаң атындағы университетте 8 мыңнан астам студент оқиды. Араларыңызда оңтүстіктен, еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып келген студенттер бар. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жаңа жатақхана ашылды. Осылайша, биылғы оқу жылында университет студенттерін 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз еттік. ҚӨУ тарихында мұндай жағдай болған емес. Сондықтан ең бастысы тек қана білім алыңыздар. Еліміздің келешегі сіздердің қолдарыңызда. Қоныс құтты болсын», – деп атап өтті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаев студенттер алдында сөйлеген сөзінде.

Өңір басшылығы ЖОО студенттерімен де кездесті. Солардың бірі Аманкелді ауданына келген Назерке Бейсенбаева биология және химия білім беру бағдарламасына оқуға түскен.

«Басқа жатақханаға қарағанда жайлы, Пәтер сияқты. Барлығын қалаған уақытта жасап аламыз. Мұнда алты қыз тұрамыз. Бірлесіп тамақ істейміз», – дейді Назерке.

Жаңа студенттер үйінің тұрғыны, екінші курс студенті Болатбекова Айнина қатарластары атынан ризашылығын білдірді.

«Жаңа жатақхананың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бізге мұнда өте қатты ұнайды. Барлық жағдай қарастырылған. Бағасы да қолжетімді, Қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, жаңа студенттер үйінің ашылуы ол оқу орны тарихында маңызды қадам болып табылады. Сондықтан университет ұжымына жасалған жағдай үшін алғыс айтамын», – деді студент.

Мерекелік күн ашық аспан астындағы жарқын концертпен аяқталды, онда талантты студенттік ұжымның шығармашылық нөмірін көрсетті.Жаңа корпустарда 2, 3 және 4-орынды бөлмемен жабдықталған. Әр этаж сайын асхана, ал жертөледе кір жуу бөлмесі мен сақтау бөлмесі бар. Жақын арада фитнес-клуб, демалыс алаңы, дүкен және салон ашу жоспарланған.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу