Қаладағы 19 мектепте оқушыға орын жетіспейді. Сондай-ақ, қала орталығында, КЖБИ, Батыс және жаңа шағын аудандарда балабақшаға қажеттілік туындап отыр. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева баяндады.
Қала әкімі Марат Жүндібаев КЖБИ ауданындағы қалалық қорғаныс істер жөніндегі басқарманы балабақша ету үшін өзге ғимаратқа көшіруді ұсынды.
– Бұл аудандағы жалғыз типтік ғимарат. Мемлекеттік бабалақша жоқ, тек жекеменшік жұмыс істейді. Балама жолын қарастырып, қорғаныс істер жөніндегі басқарманы өзге ғимартақа көшіріп немесе сатып алу қажет. Басқарма аумағы кең балабақша етіп қайта жаңғыртуға ыңғайлы. Сондай-ақ, Нариман базарының орнына мектеп немесе балабақша салуға болады. Балабақшаға жер жеткілікті. Ал мектеп салынатын болса, қосымша аумақты қажет етеді. Онда саудасын жүргізіп отырғандармен бір мәмілеге келу қажет. Жер мемлекеттікі. Басқарма жан-жақты зерттеп, қай білім беру ұйымын салу жөнінде ұсынысын беруі керек, – деді Марат Жүндібаев.
Сералы МЫРЗАБАЙ