Қостанайда “Жайлы мектептер” ашылды: Берекедегі мереке

Қостанайда “Жайлы мектептер” ашылды: Берекедегі мереке

Білім ордаларының ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, алғашқы ұстаздары мен шәкірттеріне сәттілік тіледі.

«Береке шағын ауданда жиырма мыңға жуық халық тұрады. Осы тұрғындардың балалары сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасалып, білім ордасы арнайы құрылғылармен жабдықталған. Ұлы ағартушы, ғалымдар мекені Тобыл-Торғай жерінде ұлы жобалардың әрі қарай жалғасытынына сенімдіміз. Сапалы білім беру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу еліміздің басты құндылықтары. Президентіміздің саясатының арқасында елімізде сапалы білім алу үшін қолайлы жағдайлар жасалып, өткен жылы 1200 орындық екі мектеп салынды. Биыл төрт жарым мың орынды қамтитын жеті мектептің құрылысы аяқталады. Осындай маңызды әлеуметтік нысандардың нәтижесінде облыстағы оқу орындарының тапшылығы біртіндеп шешіліп келеді. Облыстың білім саласы жетістіктерге өте бай. Өңіріміз республикалық пәндік олимпиададан үшінші орында, халықаралық байқаулардың алдыңғы қатарындамыз. Бұл жерде осы қабілеттеріңізді одан әрі шыңдап, үлкен армандарға жол ашылғалы тұр», – деді әкім.

«Samruk-Kazyna Construction» Акционерлік Қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров, № 1 мектеп-лицейінің директоры Бауыржан Қажияқбаров және Қостанайдағы әйелдер күштері альянсының төрағасы, педагогикалық еңбек ардагері Бектұрғанова Римма Шыңғысқызы «Жайлы мектептің» лентасын қиды.

Береке шағын ауданынының тұрғыны Ермек Қалқаева жаңа мектепке екі бірдей немересін жетектеп әкеліпті. Ол кісі де кезінде Науырзым ауданында, кейін Қостанайда ұлағатты ұстаз болған. Білім беру ісінің үздігі ұлттық тәрбие мен қасиетті ілімнің қадірын жақсы түсінеді.

«Бұл мектеп бізге ұнады. Ұлттық сипатта тәрбие білім береді әрі өзімізге жайлы. Жанымызда орналасқан. Іші жарық, бөлмелері кең, жақсы жабдықталған. Балалардың сапалы білім алуына аса қолайлы. Саналы тәрбие алып шығатынына сенеміз. Өзім де ұстаз болғанмын. Қырық жылға жуық уақыт математика пәнінен сабақ бердім. Әлі мектептен кеткен жоқпын. Немерелерімді оқытамын. Сегіз немерем бар. Қазіргі бағдарламада бұрынғыдан айырмашылық көп. Жаңаша үйретуге, жаңаша тәрбиелеуге тырысамыз. Әр ата-ананың арманы – балаларының білім алып үлкен азамат болғаны», – дейді қария.

Ал Нұргүл Әубәкірованың екі баласы бұрын Абай атындағы аралас мектепте оқып келген.

«Ақ түйенің қарны жарылғандай. Үйіміздің жанынан ашылып жатқан мектеп үлкен қуаныш сыйлап жатыр. Осы мектептің ашылуын ұзақ, асыға күттік. Оны салуға атсалысқан ел ағаларына алғыс айтамыз», – дейді ол.

Иә, аудан тұрғынының бұлай айтуының жаны бар еді. Осы шағын ауданда балаларды білім нәрімен сусындатуға бір мектеп жетпей тұрған.

Содан ата-аналар жолдың арғы бетіндегі Юбилейный, Солтүстік батыс шағын аудандарындағы мектептерге беруге мәжбүр болып келген-тін. Өткен жылдары шағын ауданда екі бірдей білім ордасының құрылысы бой көтеріп, алғашқысының ашылып жатқан жайы бар.

Шағын аудан тұрғыны Дамир Ахтиямов та үй іргесіне білім ордасының бөй көтеріп, балаларының қатынауына біршама жағдай жақсарғанын айтады.

«Бұл мектеп осы жердегі тұрғындар үшін жайлы деп ойлаймын. Осының алдында қызымыз жиырма жетінші мектепте оқып еді. Іші жарық, кең, оқуға сай заманауи үлгіде жабдықталғанын айтып жатырмыз ғой. Одан бұрын үй арасына қатынауға қолайлы болды. Бұрын Абай мектебінде оқығанда жолдың арғы бетінен өту баламыз үшін шыны керек қолайсыздау еді», – дейді Дамир Ахтиямов.

Бүгінде халық үшін барлық жағдайлар жасалып жатқанын аудан тұрғыны Мәдина Қашиева да тебірене айтты.

«Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қолжетімді баспана, балаларымызды жан-жақты дамуына үлес қосып жатқан орталықтар ашылып жатыр. Осылардың барлығы елдіміздің арқасы деп білемін», – дейді ол.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу