Қостанайда зейнеткерлер қарттар күні қоғамдық көлікте тегін жүреді

Қостанайда зейнеткерлер қарттар күні қоғамдық көлікте тегін жүреді

Бұл туралы қала әкімі Марат Жүндібаев айтты. Аға буынға құрмет көрсетіп, айрықша қолдау жасауға шақырды.

Осылайша, 1-қазанда Қостанайда зейнеткерлерге қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылмақ. Сондай-ақ қоғамдық моншаға жеңілдік жасалып, емханаларда тексерістен тегін өту қызметі ұсынылады.

Бұдан бөлек «Мирас» мәдениет үйінде мерекелік концерт, шығармашылық көрмелер мен дойбы, шахмат, үстел теннисінен спорттық сайыстар  ұйымдастырылады.

«Қазір қалада 48 698 зейнеткер тұрады. Мереке күні аға буынға қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қарастырдық. Орайлы сәтті пайдалана отырып, барлық кәсіпорындар мен мемлекеттік органдарды, жеке ұйымдарды зейнеткерлерге назар аударуға шақырамын. Әр ұжымда қызмет еткен аға буын өкілдеріне көңіл бөліп, оларды іс-шараларға шақырыңыздар. Үлкендердің еңбегі елеусіз қалмауы тиіс», – деді қала әкімі.

Қымбат ДОСЖАНОВА