27 июня, 2025
Қостанайда «WorldSkills Kostanay-2025» өңірлік чемпионаты өз мәресіне жетті

Қостанайда «WorldSkills Kostanay-2025» өңірлік чемпионаты өз мәресіне жетті

Қостанайда жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, кәсіби шеберлік пен дағдылардың маңыздылығын көрсету мақсатында «WorldSkills Kostanay-2025» өңірлік чемпионаты табысты өтті.
Чемпионат облыс бойынша 14 жарыс алаңында, 60 құзырет (мамандық) бойынша ұйымдастырылып, онда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен жас мамандар өз салалары бойынша сайысқа түсті.

Жарыс нәтижесінде үздік қатысушылар анықталып, Қостанай қаласындағы Жастар сарайында чемпионаттың салтанатты жабылуы және марапаттау рәсімі өтті.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, кәсіби дағдыларды дамытудағы мұндай байқаулардың маңыздылығына тоқталды:

«WorldSkills – бұл тек жарыс емес, бұл – кәсіби дамуға жол ашатын, сенімділік пен мақсаттылықты қалыптастыратын платформа. Қатысушыларымыздың білімі мен табандылығы бізге болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді», – деді Айман Еламанқызы.

Салтанатты кеш барысында жеңімпаздар, жүлдегерлер мен үздік сарапшылар арнайы дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Концерттік бағдарлама мен шығармашылық номерлер шараның әсерін арттыра түсті.

Чемпионат аясында «Бастауыш сыныптарды оқыту» құзыреттілігі бойынша екінші орынды Қостанай облысының жас маманы Айсәуле Жантулина иеленді. Бұл – оның WorldSkills форматындағы алғашқы тәжірибесі.

Айсәуле үшін байқау оңай болмады. Бірнеше мәрте ноутбугі істен шығып, техникалық ақаулар жүйкесіне салмақ салған. Бірақ бойындағы төзімділік пен жауапкершілік оның басты артықшылығына айналды.

«Алғашында абдырап қалдым, бірақ өзімді тез жинап алдым. Жарты жолда тоқтауға болмайтынын түсіндім. Бұл – мен үшін үлкен өмірлік әрі кәсіби сабақ болды», – дейді Айсәуле.

Айсәуленің табандылығы мен шеберлігі әділ бағаланып, ол күміс жүлде иегері атанды. Оның жетістігі – болашақ педагог мамандар үшін үлкен мотивация.

«WorldSkills Kostanay-2025» чемпионаты – жастардың кәсіби білім мен нақты өндірістік дағдыларды меңгеруіне арналған маңызды алаң. Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер республикалық деңгейде өтетін байқауларға жолдама алып, өңір намысын қорғайтын болады.

Ақмоншақ ДҮЙСЕНБЕК,
ҚӨУ студенті