“Қостанайда ұлттық тағамды бизнес көзіне айналдыруға бар жағдай жасалған”

“Қостанайда ұлттық тағамды бизнес көзіне айналдыруға бар жағдай жасалған”

Қазақ тағамдарын зерттеп жүрген гастро-эксперт «Sandyq» мейрамханасы мен «Tary» этно-кофейнясының негізін қалаған, «Қазақы ас: дәстүр мен дәм» кітабының авторы Әйгерім Мұсағажинова бүгін Қостанайда өтіп жатқан инвестфорумға арнайы келді.

Ол қазақтың тағамы арқылы бизнесті дамытуға болатынын көрсетпекші. Астықты өлкеде бизнеспен айналысу үшін жағдай бар деп пайымдайды. Этнографтың ұлттық тағамды зерттеп жүргеніне де біраз жыл болған. Өзінің ас мәзірін еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүріп, құрастырыпты.

            – Этнограф ретінде Қостанай жерін зерттегенмін. Өзім де солтүстік өңірдің қызы болған соң, бұл мекен маған жақын әрі қызық. Қостанайда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Астықты өлкеде түрлі дәнді-дақылдар да бар. Сондықтан инвестфорум арқылы бинесмендер кездесулер өткізіп, тың идеяларға жол аша алады. Бұл туризм саласының дамуына да түрлі идеялар беріп, бағыттарды көрсете аламыз. Фермерлер білімін кеңейтіп, бизнестерін дамыта түсетін бағыттар алады, – дейді форум спикері.

Ол Қостанай өлкесін әлі де зерттей түскісі келеді. Қазақстандық брендпен байланысатын жаңа бизнес жобалар ашу ойында бар. Отандық өнім өндірушілерге өзінің білімін, тәжірибесін үйретуге келгенін айтады.

             – Қазір бір ғана ғылыми жаңалықпен алысқа бара алмаймыз. Ғылым мен бизнесті біріктірсек жемісін береді. Гастрономиялық туризмді әлі де дамыту керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін дамыта отырып, жаңа бизнес көздерін ашу идеяларын ұсынғым келеді. Ұлттық тағамды дамытып, мектеп, балабақшаларда тамақтану жүйесін өзгертсем деймін. Қазақ тағамдарының терең философиялық мәні бар. Өзіндік өнегесі бір төбе. Қазақ тағамдары аса бай әрі мән-мағынасы да түрліше. Әр тағамның өзіндік құндылығы функциясы бар. Халқымыздың тағамдану рационы барынша ойластырылған. Адамның ахуалы мен ағзасына оңды әсерін тигізеді, экологиялық таза, – дейді Әйгерім Мұсағажинова.

Айтолқын Айқадамова

Суретке түсірген – Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу