Қостанайда ұлттық қолөнер орталығы ашыла ма?

Қостанайда ұлттық қолөнер орталығы ашыла ма?

Тобыл-Торғай өңірі қолөнер шеберлеріне кенде емес. Бірі – ағаштан түйін түйсе, бірі – зергер, шебер, тоқымашы. Осы ұлттық өнердің шырағын сөндірмей келе жатқан қолы алтын азаматтарымыз көмекке мұқтаж. Оларға үкімет тарапынан қолдау қажет. Дәл қазір билік тарапынан сұрайтындары бір-ақ нәрсе. Ол – ұлттық өнер орталығын ашатын ғимарат. Әйтпесе біздің қолөнершілер тарыдай шашылып, қуықтай жерді жалға алып, өз беттерімен еңбек етуде. Ұлттық болмысымыз жерде қалмасын десек қолдау керек дейді қолөнер шеберлері.

Сәуле Қабидолова «QOLONER» қорының төрайымы. Ұлттық өнер орталығын ашамын деп ізденіп жүргеніне бес жылдың көлемі болыпты. Осы мақсатта бар құжаттарды да жинап, тиісті мекемелердің де табалдырғын тоздырған. Үміт оты енді ғана сезілгендей. Ол өзінің инста парақшасында сүйінші хабарымен бөлісіп, былай деп жазыпты.

«Қостанайда облыс әкімінің азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті. Қуанышты жаңалығымыз бар! Біз «QOLONER» қорының шеберлері, суретші, мүсінші, ҚР СО мүшесі, ағаш шебері Мұхамедқали Рахалиев пен ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, музыкалық аспаптар істеу шебері Қабдол-Мәжит Имановпен бірге Қостанайда “Qazaq-Oner” қолөнершілер орталығын ашу мәселесін көтердік. Облыс әкімі Құмар Іргебайұлы біздің өтінішімізді толығымен қолдап, осындай мәдени-ұлттық орталығының өңір үшін маңыздылығын атап өтті. Мәдениет, кәсіпкерлік басқармаларының басшысыларына қолөнер орталықтары арқылы қазақ қолөнерін дамыту жобасын толыққанды жүзеге асырып, қала орталығында ғимарат таңдауды тапсырды. Мұндай шешімге өте қуаныштымыз. Біз өз кезегінде “Qazaq-Oner” қауымдастығының басшылығымен орталықтың жұмысына дайындықты бастаймыз» деп қуанышымен бөлісті.

Сәуле Қабидолова 2018 жылы «QOLONER» қоғамдық қорын құрған. Өзі де осы салаға жаны жақын.

–Бұл орталық тек қана қазақ халқының ұлттық қолөнерін дәріптейді. Бірнеше жылдан бері орталық ашу мақсатында ізденіп жүрген жайым бар. Біздің Қостанайда қолөнершілер жеткілікті. Киіз басу, қамшы, істеу, кілем тоқу, әшекейлер, киіз үй жасайтын қас шеберлер бар. Баян Баталова, Мұхаметқали Рахалиев, Қабдол-Мәжит Иманов, Айдар Бейсенбаев, Балдырған Аңқауова, Үміт Бұғызбаева, Нұргүл Хамзина, Жанар Анарбековалардың есімдерін бекерден атап отырған жоқпын. Олардың бәрі де мықты шеберлер. Осы жандардың артынан еретін жастар бар. Өз ісімізді дамыту үшін біз алматылық қауымдастықтың құрамын кірдік. Ол Алматыда орналасқан, басқаратын – Айгүл Жансерікова. Енді біз де осындай қолөнер орталығын ашсақ дейміз. Сырттан келген шеберлер өз білгендерімен бөліссе, біз өзге аймақтарға шығып жұмыс істей алсақ деймін.  Өкініштісі қазір әркім өз алдына кішкентай ғана шеберхананы жалға алып жұмыс істеуде. Сол шеберлердің басын қосатын орталық керек. Ол орталықтың берері мол болар еді. Біздің шеберлер өз қаламыздан аса алмай жүр. Бір-екі рет қана сыртқа шығып, көрме жасаған екенбіз. Ал қауымдастық құрамына енгеннен мүмкіндігіміз көп, – дейді Сәуле Қабидолова.

Қазір еліміздің әр қаласында көркем галлереялары бар. Бірақ ұлттық өнер шеберлерінің орталығы жоқ екені рас. Ең алғаш осындай орталық Алматыда ашылған екен. Олар былтыр мемлекеттік стандартизация алыпты. Осындай енді орталық бар аймақтарда ашылсын деген премьер министрдің қаулысы да шығыпты.

–Осындай орталық керек деп облыс әкіміне де жаздым. Ол кісі біздің ұсынысымызды қарап, танысып, қолдады. Енді бізге тек қана арнайы орын болса деймін. Облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті басшылар қазір осы мәселемен жұмыс істеуде, – дейді ол.

–Қолөнер орталығын ашамыз деп біздің басымызды қосып жүрген Сәулеге ризамын. Бәрін заңдастырсақ дейміз. Бұл қай жағынан болсын тиімді. Бес жыл бойы жүгірсе де нәтиже жоқ. Мұндай орталық Алматы қаласында былтырғы жылы ашылды. Олар ашса бізде де болады деп сенемін. Құжаттары бәрі дайын. Бізге керегі жұмыс істейтін ғимарат. Жақында облыс әкімінің қабылдауы болды. Облыс әкімі тілегімізді тыңдады. Құптады. Петропавлда да осында орталық бар екенін айтты. Өзі ашуға мұрындық болыпты. Біздің ойымызды құптап, көмектесетінін айтты. Бұл орынды орталықтан ашу керегін айтты. Тиісті орындарға тапсырма берді. Енді осы уәде орындалады деп ойлаймын. Қатарымызда  әзірге оншақты адам бар. Олардың бәрі де қазақтың қолөнерін дамытып жүрген жандар. Ол орталықта бәрі де болар еді. Тігін, сәндік қолданбалы дүниелер, ағаш, темірден жасалған заттар деген сияқты. Ол тек орталық қана емес, жастарға үйрететін мектеп ретінде де дамыр ма еді. Оның бірі ақылы болса, бірі тегін де бола жатар. Осы салада жүрген соң істің алға басып, дамып, жемісін көргің келеді. Қазіргі басты мәселе облыс әкімінің берген тапсырмасының орындалуы. Одан әрі станок, машина, құрылғылар да бола жатар. Бұл бастама ұлттық құндылығымызды дамытуға жол ашатынын сенімдімін. Ұлттық болмысымызды сақтау үшін керек. Ол жерде шеберлік орталықтарымен қоса бұйымдарды сатуға да мүміндік болып, кездесу кабинеттері, туристік орталық ретінде де жұмыс істесе деймін. Қазір қолөнер шеберлері әр жерде шашырап, заттарын жасап жүр. Оларға жағдай жоқ, – дейді Мұхамедқали Рахалиев.

Қазір бұрынғыдай заман емес, қолдан шыққан дүниеңді сатуға деген сұраныс пен талап та басқа. Тіпті жасаған еңбегіңді сата білу де өнер. Қуанарлығы қазір қолөнер бұйымдарына, ұлттық нақыштағы заттарға сұраныс жоғары. Бұл табыс көзі десек те, тек осы саламен күн көру қиын болары анық. Себебі қол бұйымдарының мехнеті аз емес. Соған қарай оның бағасы да жоғары болады. Бұл орайда қолөнер шеберлерінің ұсынысы да орынды. Олар ең алдымен мемлекет тарапынан қолдау болса дейді. Осы сала дамып, түрлі шығармашылық байқаулар, көрмелер ұйымдастырылса да жақсы. Қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетілсе, олардың жұмысы насихатталса, сонымен қатар еңбегі бағаланса да қандай тамаша. Бұл ойлары жүзеге асып жатса сала біршама дамитыны сөзсіз. Себебі бұл – қазақтың ұлттық имиджі, бренді. Ата-бабадан қалған ұлттық мұрасы. Қолөнер халықтыкі, оны тудыратын да бағалайтын да өзіміз. Сондықтан табиғи таза өнімдердің құны мен сәнін арттыру өз қолымызда.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу