Ауыл шаруашылығы мен ұлттық дәстүрді тоғыстырған ауқымды агрофестиваль басталды. Үш күнге жоспарланған іс-шара 1 тамызға дейін жалғасады.
Агрофестиваль егін орағы қарсаңында аграрлық саланың заманауи мүмкіндіктерін көрсетуге, озық технологиялар мен инновациялық шешімдерді таныстыруға, сондай-ақ өңірдің мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

Фестивальдің негізгі бағыттарының бірі – «Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрме-демонстрациясы. Оның аясында ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, заманауи агротехнологиялар, селекциялық жетістіктер мен тәжірибелік алқаптар таныстырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дрондарының жұмысы көрсетіліп, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығына арналған технологиялар ұсынылады.

Бүгін, фестивальдің алғашқы күнінде, келушілерге Солтүстік Қазақстан жағдайында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі маңызды технологиялық тәсілдер таныстырылып, «Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» мен «Заречное» АШТС» мамандарының селекциялық жетістіктері көрсетіледі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының көрмесі, дрондардың жұмысын көрсету және тағы басқа көрмелер ұйымдастырылған.

Агрофестивальдің мәдени бағдарламасы да мазмұнды. Үш күн бойы қонақтарды Қостанай облысының 90 жылдығына арналған этноауыл, киіз үйлер қалашығы, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары күтеді.

31 шілдеде фестивальдің ресми ашылуы өтіп, оған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысады. Сала үздіктерін марапаттау, жеңілдетілген лизинг бағдарламасына қатысушыларға ауыл шаруашылығы техникасының кілттерін табыстау рәсімі өтеді.
Одан бөлек, бағдарламаға II республикалық ветеринария мамандарының слеті, «Agro Fashion Week Qostanay», «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі, «QOSTANAI DALA GAMES» спорттық жарыстары және «Школа огня и мяса» барбекю-шоуы енгізілген.

Ал 1 тамызда фестивальдің ең қызықты бәсекелерінің бірі – «Қостанай облысының ең ауыр бұқасы» байқауы ұйымдастырылады. Сондай-ақ ұлттық «Үздік агроном» байқауы өтіп, «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысушылар марапатталады.
Үш күн бойы агрофестиваль алаңында ауыл шаруашылығы мамандықтарының білім беру бағдарламалары таныстырылып, келушілер үшін кәсіби шеберлік сабақтары мен түрлі интерактивті алаңдар жұмыс істейді. Осылайша, «Qostanai Dala Festivali» аграрлық саланың жетістіктерімен қатар, Қостанай өңірінің мәдениеті, дәстүрі, спорты мен кәсіпкерлік әлеуетін бір алаңда тоғыстыратын ірі іс-шараға айналмақ.
