Қостанайда түркі мәдениетінің республикалық фестивалі өнер сүйер қауымның басын қосты

Қостанайда түркі мәдениетінің республикалық фестивалі өнер сүйер қауымның басын қосты

«Мирас» мәдениет үйінде түркі халықтарының өкілдері тоғысты. Оған Астана, Қостанай және Рудный қалаларынан келген әртістер қатысып, көрерменге керемет көңіл күй сыйлады.

Елордалық Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясынан «Қорқыт» этноансамблі, «Astana Opera» әншісі Нематилло Зкруллаев, «Вайнах» би ансамблі, аспапшы Намазов Садиг, «Дуслык» халық ансамблі келіп өнер көрсетті.

– Мұндай өнер фестивальі елдің татулығының арқасында өтіп жатыр. Кеше ғана Астанада әлемнің 90 елінен көшпенділердің ұрпақтары келіп, спорт ойындарынан жарыстар өткізді. Сол ойындардың жалғасы ретінде Қостанай төрінде осындай фестиваль өтіп жатыр. Бұл іс-шара жылдардан өтіп, көрерменнің көзайымына айналарына сенімдіміз. Себебі, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астында біріктіріп, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға жағдай жасап отыр. Алда елімізге маңызды референдум келе жатыр. Сол күні өз таңдауымызды жасауымыз керек, – деді ҚР парламенті сенатының депутаты Әлішер Сатыбалдиев.

Фестивальге келген ерекше қонағымыз велосипедпен саяхаттап, елдерді аралайтын опера әншісі Хурсанд Шеров болды. Ол өзі әзірбайжан ұлтынан, бірақ Өзбекстанда тұрады. Муслим Магомаевтың шығармашылығына арналған оның әлемдік велотуры біздің қаламыздан да өтті.

– Осы фестивальге арнайы келдім. Мен Владивастокта жүргенімді осы концертке шақырған еді. Астанада өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, Қостанайға жол тарттым. Бүгінгі өнер мерекесіне қатысып, көрермен алдында ән орындап бергеніме өте қуаныштымын. Осы сапарымның бәрін мен велосипедпен жүріп өттім. Спорт менің денсаулығымды түзеді. Осыдан 24 жыл бұрын жүрегім ауырып, денсаулығым сыр бере бастады. Дәрігерлер толып жатқан дәрі-дәрмек жазып берді. Сосын спортты қолға алдым. Он жыл бойы велосипед теуіп келемін. Спорт адамның ғұмырын ұзартып, ширата түседі. Велосипед тепкеннен бері еш жерім ауырған емес. Енді осы бетіммен Алматыға барамын. Алматыдан Таразға, одан әрі Шымкентке жетемін деп жоспарлап отырмын. 19 қазанда Шымкентте болуым керек, ол жақта жарыс болады. Маған Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі қолдау білдіріп, жол бойы серік болады. Осы велосипедіммен он жыл жүріппін. Түрлі ел араладым. Ауа-райы да құбылмалы, бірде жауын, жел дегендей. Соған қарамастан спортты жаныма серік еттім. Қостанайда түркі халықтарының мәдениетін, салтын дәріптеген осындай ауқымды іс-шараның өтіп жатқаны қуантады, – дейді кеш қонағы опера әншісі Хурсанд Шеров.

Гала-концертте рудныйлық «Грация» және «Жизель» би ұжымдары, сондай-ақ вокалист Кадим Назиров өнер көрсетті. Қостанайлықтар да тыс қалмай, «Орда» және «Алтынай» би ансамблі, «Бирлик» әзербайжан қауымдастығының белсендісі Лейла Керимова, «Indigo» хореографиялық студиясы, «Айсұлтан» өнер мектебі, Анастасия Серікова, «ETHNO FASHION» сән агенттігі, «Горцы Ахыска» кавказ би ансамблі көрермендерге өз өнерлерін паш етті.

Түркі халықтарының музыка мен би әлемі жаңа қырынан танылып, жаңашылдығымен тәнті етті. Ал «Astana Opera» әншісі Нематилло Зкруллаев Абайдың әнін орындап, жанға жылулық сыйлады.

–Бүгінгі кеш достық пен татулықтың бір көрінісіндей. Этностар достығы үшін осындай фестивальдер қажет. Өнерде шектеу жоқ. Оны бүгінге іс-шарадан да бақылап отырған шығарсыздар. Көрермен де көп, әрі көңіл күй де тамаша. Осындай бастаманы қолға алған ұйымдастырушыларға рақмет, – дейді Нематилло Зкруллаев.

Фестиваль татар, түрік тілдеріндегі әндерді, әсерлі қазақ, әзірбайжан билерін, сондай-ақ түрлі түркі тілдес халықтардың өлеңдерін қамтыды. Әр халықтың өнері естен кетпес әсер қалдырды. Домбра мен қобыз үні бірігіп, көрермендердің көңілін көтерді.

  Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді ұсынған ҚХА облыстық филиалының баспасөз қызметі   

Жаңалықтармен бөлісу