Наурыз мейрамына арналған бұл жарысқа алыс-жақын аудандардан да спортшылар бақтарын сынады.
Олардың арасында Федоров ауданынан Серік Зия мен Ислам Мардыбек те бар.
Серік ұлттық ойынды ағасы Тілепбергеннен үйренді.
“Туған ағам – ең алғашқы ұстазым. Сол кісіден тәлім алып, бірнеше жарыстарды көрдік. Апта сайын өзара біріншілік өткізе бастадық. Солай балалардың қызығушылығын арттырып алдық. Қазір өзімнің де жаттығып жүрген жиырма шақты шәкірттерім бар”, – дейді Серік Зия.
Ислам Мардыбек бесінші сыныптан бері үйірмеге бара бастады. Жасөспірімдер арасындағы облыстық, республикалық жарыстардың жүлдергері. Бүгінде өзі де бірнеше шәкірт дайындап жатыр.
Бұл жолы қалалық ашық турнирге алпыс адам қатысты.
Тігілген жалпы жүлде қоры – 1 миллион теңге. Жарыс рапид стилі бойынша өтті.
“Ашық турнир қалалық спорт бөлімінің ұйымдастыруы арқылы облыстық Тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен өтті. Мерекеге қарсы жарыстың рапид түрін өткізуді жөн көрдік. Бәсекенің екінші күнінде фавариттер анықтала түсті”, – дейді жарыстың бас төрешісі Батырхан Әбілбеков.
Қыздар арасында көбі осы спорт түрінен білікті бапкер болып келе жатқан Татьяна Егоровадан үміттенген.
Алайда жарыс жеңімпазы Фарида Қастай мен күміс жүлде алған Амина Сәдірді алға жіберіп, Айым Назымовамен үшінші орынды қанағат тұтты.
Ерлер арасында жасөспірімдер арасындағы еліміздің бірнеше дүркін жүлдегері Айдын Жакиевке тең келер қарсылас болған жоқ.
Ерсұлтан Жалғасбай екінші орын алса, Қуаныш Қалелов пен Медет Биғазин қола жүлдегер атанды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков