Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тәуелсіздік тұғыры: тарих, тұлға, тағылым» атты мазмұнды көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Егемен елдің жүріп өткен жолын жүйелі түрде танытатын бұл мәдени бастама аясында құнды тарихи деректер мен тәуелсіздік жылдарындағы зерттеу еңбектер топтастырылған. Тағылымды іс-шараның ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері және жастар қатысты.

Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай ұйымдастырылған іс-шаралар легі дәстүрге сай облыстық кітапханадан бастау алып, мазмұнды көрмемен өрбіді.

«Тәуелсіздікке жету жолы халқымыз үшін жеңіл болған жоқ. Бұл күрестің бастауы Алаш арыстарының қызметімен тығыз байланысты. Олар ел болашағы үшін бар ғұмырын сарп етіп, ұлттық мүддені бәрінен биік қойды», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбеков.
Көрме экспозициясында егемен мемлекеттің қалыптасуына ықпал еткен тарихи кезеңдер кеңінен қамтылған. Оқырмандарға кітапхана қорынан іріктелген 100-ден астам кітап ұсынылып отыр.
«Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтан өз орнын алды. Бұл халқымыздың сан ғасырлық арманының жүзеге асуы. Осы 35 жыл ішінде ел бірлік пен тұрақтылықты сақтай отырып, мызғымас мемлекет құра алды. Қоғамдық келісім мен татулық – біздің басты құндылығымыз», – дейді Қостанай облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов.
Көрме төрт мазмұндық бөлімге бөлінген. Алғашқы бөлімде тәуелсіз Қазақстанның құрылу тарихы қамтылса, екінші бағытта егемендік жылдарындағы тарихи үдерістерді сипаттайтын заманауи еңбектер топтастырылған.

Ал рухани мұра мен жас ұрпаққа арналған әдебиеттер көрменің үшінші және төртінші бөлімдерінде орын алған.
«Бұл жобаны дайындауға бірнеше ай уақытымыз кетті. Маңызды тарихи кезеңдерді, елеулі оқиғаларды бір кеңістікте ұсынуды мақсат еттік. Сонымен қатар еліміздің халықаралық деңгейдегі орны мен сыртқы байланыстары да назарға алынды. Көрмеге университет оқытушылары, студенттер, қаламгерлер арнайы шақырылды. Экспозиция жыл бойы жаңа деректермен толықтырылып отырады», – дейді Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сектор меңгерушісі Ботагөз Бекболатова.
Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА
ҚӨУ студенті
