Қостанайда қысқы ауа райы жағдайына дайындық басталып кетті  

Қостанайда қысқы ауа райы жағдайына дайындық басталып кетті  

Бұл туралы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Айдос Ахметов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Оның айтуынша, қысқы кезеңде туындауы ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою және оларды жою үшін облыстық ТЖД күштер мен құралдар тобын жасақтап қойған. Бұл жұмыстар бекітілген бұйрыққа сай орындалуда.

Көктайғақтың салдарын жою үшін бүгінде облыс бойынша жалпы саны 1705 адам мен шамамен жеті жүзден астам техникадан тұратын облыстық топ құрылған.

«Республикалық маңызы бар автожолдарда 102 арнайы техника, ал облыстық және аудандық жолдарда 555 техника жұмыс істейді. Қозғалыстың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін он екі мың тоннадан астам құм және шамамен төрт мың тонна тұз дайындалған», – деді  Айдос Ахметов.

Қысқы кезеңде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Қостанай облысының ТЖД-да жоғары өтімді жеткіске жуық дөңгелекті және шынжыр табанды техникалар, авариялық-құтқару көлігі және байланыс кешенді көлігі дайындыққа келтірілген.

blank

Олардың ішінде сегіз эвакуациялық техника, сондай-ақ екі автобус және алты инженерлік техника бар.

 «Қостанай облысының автомобиль жолдарының ұзындығы 9 мың шақырымнан асады. Өткен жылдардың қысқы маусымдарын талдау нәтижесінде жалпы ұзындығы 1506, 2 шақырымды құрайтын 567 проблемалық, яғни боран басатын учаске анықталды. Бұл жерлерде 25 393, 2 дана тұрақты қар ұстағыш қалқан орнатылған. Қысқы кезеңде жол қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін 12,2 мың тоннадан астам құм, шамамен 3,9 мың тонна тұз, 2,8 тонна бензин және 4,3 мың тонна дизель отыны әзірленді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалы республикалық маңызы бар автожолдардағы көктайғақ пен қар басу салдарын жою үшін 102 арнайы техниканы жұмылдырды», – деді басқарма бастығы.

Қысқы кезеңде жолдар мен елді мекендерде зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшін 258 жылыту пункті әзірленбек. Олар 14 мыңнан астам адамды қабылдауға қаухарлы.

«Қостанай облысында тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етуді төрт жылу электр орталығы және 111 қазандық жүзеге асырады. Кәсіпорындар мен ұйымдарда 79 жылу пушкасы және 238 электр генераторының қоры бар. Биылғы жылдың 15 қыркүйекте Қостанай облысының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысында облыстың азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындығы қаралды. Ұқсас отырыстар қалалар мен аудандарда да өтті. Азаматтық қорғау аумақтық құрамаларының дайындығы кешенді қысқы оқу-жаттығулар барысында тексерілетін болады. Барлық қала және аудандарда азаматтық қорғау қызметтері мен жедел әрекет ету жасағының дайындығы қаралады, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардағы жылыту пункттері тексеріледі», – дейді ТЖД өкілі.

Облыс әкімінің өкімімен қысқы кезеңде төтенше жағдай туындаған жағдайда азаматтық қорғаудың аумақтық ішкі жүйесі күнделікті қызмет режимінен жоғары дайындық режиміне ауыстырылады.

blank

Жұмысты үйлестіру үшін облыстық жедел штаб құрамына Полиция департаментінің, облыс әкімдігінің, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері тартылмақ.

                Сералы МЫОЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – облыстық ТЖД баспасөз қызметі