Қайғылы оқиға Жеңіс көшесінде салынып жатқан тұрғын үй ғимараты маңында болды. Қазір полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
“ТоболИнфо” ақпараттық агенттігінің мәліметінше, оқыс жағдай туралы қостанайлық тұрғындар хабарлаған. Олар жуырда аталған мекенжайдан пәтер алу мүмкіндігін қарастырып жүріпті.
“Көршілес үйде тұратын таныстарымыздың айтуынша, әуелде құрылыс қарқынды жүріп, кейін тоқтап қалған. Оған сол алаңда жұмысшының қаза тапқаны себеп болған көрінеді. Бір түсініксіз тұсы, егер құрылыс енді ғана басталған болса, қайғылы жағдай қалай болуы мүмкін?” – делінеді “ТоболИнфо” жазбасында.
Бұл ақпаратты полиция растады. Оқиға 30 наурызда тіркелген көрінеді.
“Жұмысшының өлімі бойынша полицейлер ҚР ҚК 277-бабының 2-тармағына сәйкес (Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу), сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалып, қажетті тергеп-тексеу шаралары басталды, оның қорытындысында процессуалдық шешім қабылданады”, – деді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Аталған мекенжайдағы құрылысты “Елена Д” ЖШС жүргізіп жатыр. Бірақ бұл компания басшылығы әзірге ешқандай пікір бермеген. Полицейлер де тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпаратты жасырын ұстап отыр.