Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады. 2023 жылғы 21-24 тамыз аралығында ҚР ПІБ Медициналық орталығы мамандары делегациясының өңірімізге іссапармен келмек.
Бұған дейін медициналық орталық өкілдері еліміздің бірнеше қалаларында болған. Сапардың басты мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы жаңа медициналық технологияларды Қостанай облысының медициналық мекемелеріне енгізу, ауруларды алдын алуда, диагностикалауда және емдеуде қолданылатын заманауи әдістермен бөлісу, ғылыми-клиникалық ынтымақтастықты кеңейту.
Медициналық орталық ауруханасының және орталық клиникалық аурухананың жоғары білікті мамандары (нейрохирург, травмотолог, аритмолог, гинеколог т.б) өңірдің емдеу мекемелерінде шеберлік кластарын өткізеді. Облыс тұрғындарына тегін консультациялар беріп, Қостанай облыстық ауруханасы, Қостанай қалалық ауруханасы, Қостанай қалалық көпсалалы онкологиялық ауруханасы, Қостанай облыстық кардиологиялық орталығы мен Рудный қалалық ауруханасы базасында күрделі операциялар өткізеді.
Пациенттерді қабылдау туралы ақпарат
Қостанай облыстық ауруханасында пациенттерді мына мамандар қабылдайды:
2023 жылғы 22 тамызда
12:00 – 14:00 – Мыңжылқы Бердіқожаев – жоғары санатты нейрохирург дәрігері.
2023 жылғы 23 тамызда
09:00 – 12:00 – Сәкен Молдағалиев – жоғары санатты травматолог дәрігері;
09:00 – 12:00 – Асқар Ибраев-Рысбеков – жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігері.
Медициналық орталықтың басқа ведомтсвалық қарасты ұйымдары – Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының, Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының мамандары, «Қарлығаш» балабақшасының, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің қызметкерлері өз бағыттары бойынша тренингтер өткізіп, өңір дәрігерлеріне шеберлік сыныптарын өткізеді.
Сондай-ақ, 24 тамызда ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы және Қостанай облысының әкімдігі арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр.
Осының бәрі технологиялар трансфертін іске асыруға және өңірдегі дәрігерлерді оқытып, олардың біліктілігін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін дамыту арқылы отандық медицинаның сапасын жақсартуға, халыққа жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы форматтағы іс-шаралар биыл еліміздің басқа да өңірлерінде өз жалғасын таппақ.