Қостанайда ҚР Парламенті Сенатының  депутаттығына сайлау өтті

Қостанайда ҚР Парламенті Сенатының  депутаттығына сайлау өтті

Таңғы 09:30-ден бастап Жастар сарайы есігін айқара ашты. Мұнда, өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жиналды.  Залға кіреберісте үміткерлер туралы ақпарат орналастырылған. Бұл жолы  біздің  облыстан сенаторлыққа үш үміткер ұсынылды.

“Құрметті сайлаушылар! Барлық  деңгейдегі  мәслихат депутаттарының  бірлескен отырысының күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралады.  Бүгін біз  Қостанай облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлаймыз. Облыстағы мәслихат депутаттарының корпусында барлығы 264 депутат бар. Бүгінгі сайлауға  соның 253-і қатысып отыр. Белгілі себептерге байланысты 11 депутат келе алмады”, –

деді жиынды ашқан облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещанов.

Бұдан соң облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко “Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы” Заңның   тәртібін түсіндірді. Осыдан соң мәслихат депутаттары өздері қалаған үміткерлерге дауыс берді.

“Бүгін біздің өңірде кезекті сайлау өтіп жатыр. Мұның маңызы өте зор. Өздеріңізге белгілі, біздің облыстан Сенатқа үш үміткер тіркелген. Үшеуінің де бағдарламасы ауқымды. Олардың ішінен Жоғарғы палатаға сайланған депутаттың   еліміздің, облысымыздың экономикасының дамуына, әлеуметтік ахуалының жақсаруына  үлкен жәрдемі болады деп ойлаймын. Сондықтан, бүгін  сайлауға бәріміз бір кісідей қатысып, өз таңдауымызды жасадық.   Облыстан сайланған депутат  Сенаттың төрінен өз орнын тауып,  өңіріміздің  өркендеуіне  өз үлесін қосады деп сенеміз”,–

дейді облыстық мәслихаттың депутаты Нұрбол Байзиров.

“Өздеріңізге белгілі, бұған дейін ҚР Парламенті Сенатында біздің өңірден сайланған екі депутат болса, соның бірі мемлекеттік қызметке ауысты. Биыл Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысының Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Босап қалған орынға депутат сайлау үшін астықты өңірге осындай мүмкіндік беріліп отыр.  Алдағы уақытта біздің облыстан сайланған депутатымыз ел үмітін ақтайды деп сенеміз”,–

дейді облыстық мәслхаттың төрағасы Сайлаубек Ещанов.

Барлық бюллетень сайлаушылардың көзінше саналды. Ізінше облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко қорытындысын шығарды.

“Облыстағы барлық сайлаушының саны 264. Сайлау комиссиясы қабылдап алған бюллетеньдер саны – 267. Дауыс берген депутаттардың саны –  253.  Сайлау қорытындысының нәтижесінде Бибігүл Аққожина -193 дауыс, Азамат Искаков – 27 дауыс, Әлімжан Мейірманов – 21 дауыс жинады. 12 адам барлық үш кандидатқа да қарсы шықты. Жарамсыз бюллетеньдер саны – 0. Облыстық сайлау комиссиясының шешімімен дауыс беру нәтижесі Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Сайланған депутатты да ОСК тіркейді”,–

деді Александр Малашко.

 

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ.

 

Жаңалықтармен бөлісу