Қостанайда “Қожа” турнирі он үшінші рет жалауын көтерді

Қостанайда “Қожа” турнирі он үшінші рет жалауын көтерді

Биыл бұл жарысқа аты айтып тұрғандай, Науырзым ауданы Қожа ауылынан баскетболдан жиырма команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнирдің негізін қалаған – сол ауылдың тумасы Сағит Батырғожин.

Сағит Батырғожин ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Ол жаттықтырған жылдары елді мекенінің жасөспірімдер командасы аудан, облыс көлемінде жүлдеден дес бермейтін.

“Тоқсаныншы жылдары елде қиын кезең болды. Ауылдың менмін дейтін азаматтары жан-жаққа қоныс аударды. Олардың арасында өзім де бар едім. Қостанайға келіп, осы мектепке орналастым”, – деп 11- мектепке қызметке келгенін еске алды.

Күндер өте ауылдан шыққан талантты шәкірттерінің басын қосып, турнир ұйымдастыруды ойлайды. Нәтиже жаман болған жоқ. 2011 жылы алғашқы турнирге оннан астам команда жиналды.

Дәстүрлі турнирдің егде қатысушысы бүгінде 73 жасқа толды. Қайролла Төлебаев Қожа мектебінің іргетасы қаланған уақытта шәкірттеріне допты қалай ұстау қажеттігін үйреткен бірінші дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

“Ауыл мектебі ашылғанда жолдамамен алғаш дене шынықтыру пәнінен мұғалім болып келдім. Содан беріде талай жеңісті күндерді көрдік. Бүгінде шәкіртімнің жемісті жолы жалғасын тауып отыр. Ұстаздан шәкірт озар деген осы”, – деді Қайролла Төлебаев.

Қазіргі таңда Сағит Батырғожин дәстүрлі турнирдің эстафетасын шәкірті Спартак Мәтеновке табыстап отыр.

Бұл жарыста басқа салада жүрген ауылдың жастары жылда бақ сынайды. Солардың бірі Нұркелді Хасенов ауыл шаруашылығы саласының маманы. Әйтесе де осы спорт түрінен алшақ кеткен емес. Кезінде оқушылар, студенттер арасындағы команда құрамынан түспей келген ойыншылардың қатарынан табылды. Бұл да болса, Сағит ұстаздың берген тәлімінің арқасы десек қателеспейміз.

“Ауыл құрамасының бір командада ойнаған балаларының дені қазір Қостанайда жүр. Сол балалар әр жылға бөлініп, жыл сайынғы турнирге қатысып келеміз. Сол әр жылды бұл өмірде бақилық болған достарымызға арнап отырамыз”, – дейді Нұркелді Хасенов.

Бұл турнирдің маңызы жыл санап арта түскенін де байқадық.

Турнирге билік өкілдерінің атынан Қожа ауылының тумасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғайния Есеева, облыстық білім басқармаларының маманы Қуаныш Бимурзин, Науырзым ауданы әкімінің орынбасары Елдар Ысқақов қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары келешекте бұл турнирді өткізуді облыстық масштабта қолға алып, Қожа ауылынан бастауды ұсынды.

Облыстық мәслихаттың депутаты бұл бастаманы қолдайтынын айтты.

“Турнирдің маңызы ерекше. Бірігіп қолдау көрсеткен дұрыс. Болашақта облыстық ареналарда ұйымдастыруға демеу болар едік. Жарысты себепші болған ортаның алдында өткізу одан да пәрменді болары сөзсіз”, – деді депутат.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу