Қостанайда «Қазақстанның ең үздік тауары» көрме-байқауы басталды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Қостанайда «Қазақстанның ең үздік тауары» көрме-байқауы басталды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Бүгін Қостанай қаласында «Қазақстанның ең үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтіп жатыр. Оны «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы және облыс әкімдігі ұйымдастырды.

Биылғы іс-шараға қатысушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Егер былтыр көрмеге 35 кәсіпкер қатысса, осы жылы екі жүзден асып түсті. Қала орталығына қаз-қатар шатырлар тізіліп, өңірде өндірілетін техникалар сап түзескен. Мұнда облыс экономикасының алпауыттарынан, ірі зауыт-фабрикалардан бастап, жеке кәсіпкерлердің сан түрлі өнімдерін көруге болады. Техника, азық-түлік, құрылыс, өндіріс материалдары және қолөнер бұйымдарының алуан түрі бар. Биыл көрме-байқаудың ауқымы кеңейіп, «Өндірістік мақсаттағы тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары қойылған.

«Бұл іс-шараның мақсаты – кәсіпкерлік саласын насихаттау, бизнес өкілдеріне қолдау мен серпін беру. Көрмеге облыстың барлық өңірінен кәсіпкерлер келді. Олар өз өнімдерін өндірумен айналысады. Ал біз оларға өздерін көпшілік қауымға көрсетуге, нарыққа шығуына мүмкіндік жасап отырмыз. «Солнечный», «Норма» сауда желілері таңдаулы кәсіпкерлерге өздерінің нысандарынан сөре беріп, орын тағайындамақ, яғни жеке кәсіпкерлер осы желілер арқылы тауарларын өткізуге зор мүмкіндік алады», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев.

Көрме басындағы тұрғындардың қарасы қалың. Ұзын-сонар көрмені аралап, түрлі тауармен танысып, азық-түлік өнімдерінің дәмін татуға және арзан бағаға сатып алуға мүмкіндік алды. Мәселен, Қостанай ауданының Жданов ауылынан келген «Әбдібеков Бейімбет» жеке кәсіпкерлігі көрмеге қымыз алып келген.

«Отбасылық бизнесіміз осы – қымыз өндіру. Осы көрмеде бағымызды сынап көруге шешім қабылдадық. Әкелген қымызымыз бірер сағатта түгелдей өтіп кетті. Дәмін татып көрген жұрт бірден сатып алып жатыр. Разылығын білдіріп, QR код арқылы дауыс беріп кеткен адамдар да аз емес», – дейді кәсіпкер.

Бүгін үздік деп танылған кәсіпкерлерге тоғыз аталым бойынша сыйлық табыс етіледі. Финалға өткен қатысушылар Астанада өтетін көрмеге қатысып, облыс атынан сынға түспек.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

 

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу