Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының бастамасымен биыл Жұмысшы мамандықтар жылының жариялануына орай бірқатар еңбек майталмандары ұлықталды. Бұл үрдіс қоғамның дамуында өлшеусіз үлесі бар қарапайым еңбек адамдарына деген құрметтің нақты көрінісі болды.

«Бұл жерге еліміздің дамуына шынайы үлес қосып жүрген үздік еңбек өкілдері жиналды. Қоғамды алға сүйреп, әділеттілікке бастар жолға серпін беріп отырған осы жандардың еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып отыр. Еңбек адамы – қоғамның негізі, оның тұрақты дамуының кепілі. Қоғам әрдайым сіздерге қарап бой түзейді», – деп атап өтті партия филиалы төрағасының орынбасары Жанна Қайырбекова салтанатты жиын барысында.
Биылғы бекітілген жұмысшы мамандықтар жылына орай аймақтық кәсіпорындарда арнайы байқау өткізіліп, «Еңбек адамы» аталымы бойынша түрлі саланың өкілдері іріктелгенін айтты. Еңбек адамдарына наградаларды табыс етті.

Солардың бірі Батырғали Қауысов – Қарабалық ауданының тумасы. Қазіргі таңда Қостанай қаласындағы «Тазалық-2012» серіктестігінде ЗИЛ қоқыс тасығыш көлігінің жүргізушісі болып сегіз жылдан бері абыроймен еңбек етіп келеді. Оның күнделікті міндеті – тұрмыстық қалдықтарды жинап, қаладан тыс полигонға жеткізу. Қауіпсіздік техникасын сақтау, көлік жағдайын бақылау және гидравликалық жабдықты басқару сияқты жұмыстарды да қоса атқарады.
«Қала тазалығы оның тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әр күн сайын қаланың экологиясына өз үлесімізді қосып жүргенімізді түсіну – үлкен жауапкершілік», – дейді марапат иесі.
Владимир Мызин де осы мекемеде жиырма жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқан КамАЗ-манипулятор жүргізушісі. Ол ауыр жүктерді тиеу мен түсіру жұмыстарын атқарады. Жоғары жауапкершілік, ауа-райының кез келген жағдайында жұмыс істеу, техниканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – оның күнделікті кәсіби міндеттері. Техникамен жұмыс істеудегі дәлдік пен жылдамдық оны шебер маман ретінде таныта білген.

Сергей Ивашко Қостанайдағы локомотив депосында машинист қызметін абыроймен атқаруда. Стандартсыз жағдайларда шұғыл шешім қабылдай алу, техникалық білімін үнемі жетілдіру – оның кәсіби келбетінің ажырамас бөлігі. Ол осы еңбегі үшін «ҚТЖ» ҰК АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қостанайдағы локомотив депосында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан тағы бір еңбек майталманы – Дмитрий Попов. Тоғызыншы сыныптан кейін Павлодар қаласына машинистің оқуына түсіп, бітіре салысымен машинистің көмекшісі болды. Сол еліміз тәуелсіздік алған жылдан осы жерде тепловоз машинисі ретінде табан аудармай машинист болып жүр.

Жоғары кәсіби деңгейі мен ұқыптылығының арқасында бірнеше жас машинистің кәсіби қалыптасуына ықпал еткен. «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның мерекелік медалімен марапатталған. Кез келген орындалатын жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тепловоз машинисі болып жұмыс істеген кезеңде ол кәсіби тәжірибесі мен білімімен бөлісе отырып, машинистердің бірнеше жас буынын оқытты. Тасымалданатын жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірнеше рет көмектесті.
«Маған өз жұмысым ұнайды. Қазір мұндай кәсіпке көбі бара бермейді. Өзім содан үлкен ләззат аламын. Әскерден келе салысымен де басқа бағытқа бұрылмай осында келген себебім сол», – дейді еңбек ардагері.
Марапатқа ие болған тағы бір азамат – Руслан Қайратбекұлы, Қостанай қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері. Қоғамдық жұмыстарға, соның ішінде партия бастамаларына белсене араласады.

Марапатталған барлық еңбек адамдары – өз саласының үздік өкілдері. Олар – еліміздің экономикасын, қоғамның әлеуметтік ахуалын және азаматтық рухын көтеріп тұрған шынайы тіректер. Қазақстан Халық партиясы осындай жандарды қолдау мен насихаттауды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Диана Алмасқызы
