Бұл – елімізде теңдесі жоқ, бір мезетте 500 адамды қабылдауға қаухарлы жабық аквопарк кешені. Жалпы аумағы екі есеге ұлғайып 9 мың шаршы метрден, ал су айдынының көлемі 1 мың шаршы метрден астам. Бес бассейн, жеті су сырғанағы, балалар аймағы, толқынды бассейн, джакузи және фуд-корт бар.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа кешен енді қостанайлықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ.

Су ойын-сауық кешенінің ашылу салтанатына өңір басшылығы, қала тұрғындары, спортшылар, көпбалалы отбасылар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов нысанды жай ғана бассейндер мен су аттракциондары орналасқан орын емес, бұл – демалысқа, ойын-сауыққа және жарқын эмоцияға арналған заманауи кеңістік екенен жеткізді.

«Аквапарктің басты ерекшелігі – мұнда бүкіл отбасы болып демалуға болады. Бүгінде ата-ана мен бала бірге уақыт өткізіп, еркін араласып, ортақ әсерге бөленетін орындарға сұраныс жоғары. Мұнда балаларға да, ересектерге де, жастарға да қызық болады. Қостанай қаласы өмір сүруге барған сайын қолайлы әрі тартымды бола түсуде. Ал жайлы қала дегеніміз – тек жол, тұрғын үй және инфрақұрылым ғана емес. Бұл – бос уақытты қызықты өткізуге, демалуға және отбасымен бірге уақыт өткізуге жағдай жасалуы. Мұндай орындар қаламызда әлі де көп болуы керек», – деді Құмар Ақсақалов.
Тағы ерекшеліктерінің бірі аквапарк адамға теңіз жағалауындағы демалысқа тән ерекше сезім сыйлайды.

Сондай-ақ ұзындығы 75 метрге жететін су сырғанағы бар. Ал кішкентай қонақтар үшін арнайы балалар су сырғанақтары мен қауіпсіз ойын алаңдары қарастырылған.

«Қазіргі уақытта облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ заманауи өнер картиналары галереясын ашу жоспарланып отыр. Мұнда ұлттық музейлерден, жеке коллекциялардан және шетелдік мәдени орталықтардан әкелінетін ауқымды көрмелер ұйымдастырылатын болады. Қалада абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер, саябақтар, скверлер және жаңа демалыс орындары да көбейіп келеді. Қазіргі таңда қалада 5 негізгі саябақ аймағы қалыптасты. Олар: Орталық сквер, Жеңіс саябағы, «Ұлы Дала» саябағы, Триатлон-парк және бұрынғы ауыл шаруашылығы институтының аумағындағы саябақ. Өткен жылы теміржол вокзалы маңында, Дулатов, Арыстанбеков көшелерінде, Қасымханов пен Тәуелсіздік көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Қонай шағын ауданында тағы бес жаңа сквер пайда болды. Қостанай агломерациясында серуендеуге, белсенді демалыс пен отбасылық уақыт өткізуге арналған заманауи кеңістік – экопарк құрылып жатыр. Спорттық кеңістіктерді дамыту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. Олардың қатарында триатлон-парк пен көпфункционалды стадион бар. Жаңа стадион спорттық жарыстар мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи алаңға айналады», – деді өңір басшысы.

Құмар Ақсақалов алдағы жоспарлардың қатарында Invictus фитнес-клубын салу да бар екенін айтты. Облыс орталығын жұртшылықтың «гүлдер қаласы» деп атауы да тегін емес деді. Себебі жыл сайын қала көшелері, саябақтар мен скверлерге 1 миллионнан астам гүл отырғызылады. 2022 жылдан бері қала аумағына 21 мыңнан астам ағаш егілді. Рокарийлер мен көпжылдық гүлзарлардың жалпы аумағы 23 мың шаршы метрден асады. Бұған қоса, шамамен 30 мың шаршы метр жаңа көгал алаңдары жасалуда.

Жаңа нысанның керме жібін қию салтанаты білімде, спорта облыс атын елімізде және шетелде шығарып, жетістікке жетіп жүрген жас өрендерге берілді. Атап айтқанда, 13 жастағы Милана Ярмоленко – асық атудан Қазақстанның бірнеше дүркін жүлдегері, №5 мектептің кадет сыныбының оқушысы.

Ал 10 жастағы Жәнібек Жұмашев – спорттық гимнастикадан 2025 және 2026 жылдардағы Қазақстан чемпионы. Ал Ерлан Бақытжан Халықаралық «Алтын микрофон – 2026» байқауының күміс жүлдегері. Андрей Енбахтов республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулардың жүлдегері, өнер мен білім саласында жоғары жетістіктерге жеткен жас. Дархан Қанапин республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың лауреаты, Қостанай қаласы білім бөлімінің №1 балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқушысы. Ұлттық нақыштағы әуезді күйдің сүйемелдеуімен өткен лента қию рәсімінен кейін қонақтарға шашу шашылып, жаңа нысанның есігі көпшілікке айқара ашылды.

Үш балалы ана, қала тұрғыны Асемгүл Жарасбаева да жаңа нысанның ашылуына орай жылы лебізін білдірді.
«Бұған дейін де бұрынғы аквапаркте болғанбыз. Бірақ бүгінгі нысанның ауқымы мен мүмкіндігі мүлде бөлек. Қазір көз алдымызда балалар үшін де, ересектер үшін де барлық жағдай жасалған, заманауи әрі өте әдемі демалыс орны тұр. Осы аквапарк салынып жатқан кезден бастап оның әр кезеңін қызығушылықпен бақылап келдік. Нысанның біртіндеп бой көтеріп, осындай үлкен әрі көрікті кешенге айналғанын көрдік. Бүгін сол еңбектің нәтижесіне куә болып тұрмыз. Меніңше, мыңдаған отбасы бас қосып, бірге демалып, балаларымен қуанышты сәттерді бөлісетін ерекше орын болады. Бастысы мұнда ата-ана мен бала бірге уақыт өткізе алады. Қазір балаларымыздың бос уақытын пайдалы әрі қызықты ұйымдастыратын осындай орындардың маңызы зор», – деді қала тұрғыны.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Жәнібек Жұрқабаев қазіргі уақытта нысан енді ғана пайдалануға берілгендіктен, оны күтіп-ұстауға нақты қанша қаражат жұмсалатыны белгісіз екенін айтады. Нақты есеп нысан толық қуатында жұмыс істей бастағаннан кейін жүргізіледі. Кіру құны бір сағатына 1800 теңге.
Келушілерден алынатын 1800 теңге аквапаркті күтіп-ұстауға жұмсалады. Сонымен қатар нысанға қажетті қосымша құрал-жабдықтар мен инвентарь сатып алуға, сондай-ақ аквапаркке байланысты туындайтын басқа да шығындарды өтеуге бағытталады.

«Бұл нысан бүкіл халықты, тек Қостанай қаласының тұрғындарын ғана емес, жалпы облыс тұрғындарын тартатын орын болады деп үміттенеміз. Келушілер ауқымын кеңейту арқылы нысанды күтіп-ұстауға қажетті шығындарды жауып, өзін-өзі ақтайтын деңгейге шығамыз деп ойлаймыз. Ересектер үшін бір сағаттық кіру құны – 1800 теңге. Балалар үшін оның 50 пайызы төленеді. Ал 3 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Қазіргі таңда негізгі қызметкерлерді іс жүзінде жинақтадық. Ең бастысы, құтқарушылар қажетті дайындықтан өтті. Сонымен қатар инженерлік желілерге жауап беретін мамандар да оқытылды. Негізгі қызметкерлер құрамын қалыптастырдық. Дегенмен техникалық жұмысшылар мен қызмет көрсетуші персоналды қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Жалпы, осы айдың соңына дейін қызметкерлер құрамын 100 пайызға толық жасақтаймыз», – деді ол.
Қызметкерлер ауысыммен жұмыс істейді. Қазіргі жоспар бойынша 2 күн жұмыс, 2 күн демалыс тәртібі қарастырылған.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
