4 июня, 2025
Қостанайда оқу орын түлектеріне арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті

Қостанайда оқу орын түлектеріне арналған жұмыс жәрмеңкесі өтті

Оған мыңнан аса студент пен екі қолға бір күрек  іздеп жүргендер де  келді. Облыстық Жастар ресурстық орталығы бұл іс-шараны жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастыруды жөн көрген.

Жәрмеңкеге жүзге тарта жұмыс беруші қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар да бар.

«Қала орталығында облыстық бос орындар жәрмеңкесін өткіздік. Іс-шара Қостанай облысы Қоғамдық даму басқармасы, облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осы бағытта бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізуді ұйғардық. Жүзге тарта ұйым қатысты. Оның ішінде қала мен аудандардың өкілдері бар. Үш мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Аудандардан арнайы өкіл шақыруымыздың себебі бар. Оқу орын бітірген студенттер алдағы уақытта туған жерлеріне оралып қызмет істегісі келсе, жұмыс тауып қалуы бек-мүмкін», – дейді Облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Абай Дүйсеков.

Бұл іс-шара осымен төртінші жыл ұйымдастырылып отыр. Бір айдан кейін жоғары оқу орын және колледж түлектері қолдарына диплом алады.

Бұл жәрмеңке болашақ маманға жасалған мүмкіндік болды десек те болады. Ресурстық орталық басшысының сөзінше, өңірдегі оқу орын түлектерінің 90 пайыздан астамы жұмысқа орналасады екен.

«Барлығы бірдей жәрмеңкеден жұмыс тауып кетеді деп айта алмаймын. Оқу орын өз ішінен жәрмеңке өткізуі мүмкін. Түлектер өздері қалаған кәсіпорынға барып, орналасады. Осылайша жыл сайын қорытынды жасағанда, 90 пайыздан астамы жұмысқа орналасқандар болып шығады», – дейді Абай Дүйсеков.

ҰҚК Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департамент өкілдері де жәрмеңкеге қатысты. Департамент ел шебін күзететін, жас сарбаздарды жұмысқа алады. Бастысы талапқа сай келсе болғаны. Қостанай облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің кадр бөлімінің офифері Ерасыл Жәлелов сөзінше, жұмысқа қабылданатын адамға бірнеше талап бар.

«Біріншіден мектепті 11 сыныпты аяқтаған орта білімі немесе орта арнайы және жоғары білімі болуы шарт. Сосын мерзімді әскери қызметтен өтіп келуі керек. Болмаса, әскери техникалық мектепті бітірсе жеткілікті. Мұның жоғары оқу орындарындағы әскери кафедрада оқыған болса жұмысқа орналаса алады. Талап бойынша отыз үш жасқа дейін қабылданады. Ішінара құжаттар талап етіледі, барлық құжаттар тексерістен өткен соң, талапқа сай болса үш жылға келісім-шартпен жұмысқа алынады. Қызметкерге жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, жұмысқа алғаш орналасқанда жалақысы 270-280 мың теңгенің аралығында болады. Пәтер ақы төленеді. Өзіне және үйленген, балалы болса әр отбасы мүшесіне 52 мың теңгеден төленеді. Сонымен қатар, үміткер жоғары білімді болса алты айлық курстарға жіберіліп, лейтенант әскери шенін ала алады», – дейді кадр бөлімінің офифері Ерасыл Жәлелов.

Досымжан Абузар Ахаң атындағы университеттің құқық қорғау мамандығын биыл аяқтайды. Жуық арада қолына диплом алатын ол жәрмеңкеге арнайы келген.

«Бірнеше кәсіпорынды аралап, кеңес алдым. Біздің мамандықпен мүмкіншілік көп. Кез-келген кәсіпорынға орналасуға болады негізі. Бірнеше кәсіпорыннан шақырту түсіп отыр. Нақты жауабын ойланып барып оларға беретін боламын», – дейді болашақ маман.

Іс-шара AMANAT партиясының жастарды еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесетін «Жастарға жұмыс» жобасының бір бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, олардың ел дамуына қосар үлесіне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде мемлекет жастардың жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, еңбек нарығынан өз орнын табуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Қостанайдағы бұл жәрмеңке – соның айқын көрінісі.

Жәрмеңкеге қатысқан ұйымдар қатарында «Қазақтелеком» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ, ERG құрамына кіретін «ССКӨБ» АҚ, «KIA Qazaqstan» АҚ, «Allur» АҚ, «Баян Сұлу» АҚ және екінші деңгейлі банктер мен өзге де компаниялар болды. Сонымен қатар келісімшарт негізіндегі әскери қызмет бойынша арнайы бөлім жұмыс істеп, осы салаға қызығушылық танытқан жастарға ұсыныстарын айтты.

Облыстың 20 өңіріндегі мансап орталықтары да жәрмеңкеге тартылып, жастар тек облыс орталығындағы емес, өз ауыл-аймағындағы бос жұмыс орындары туралы да ақпарат ала алды. Ауылдық жерлерде қызметке орналасуға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да кеңінен таныстырылды.


Жәрмеңкеге қатысқан мыңнан астам студент пен жұмыс іздеп жүрген адамдардың тең жартысына жуығы нақты жұмысқа орналасуға жолдама алды.

«Қостанай облысы – өндірістік аймақ, мұнда әсіресе жұмысшы және инженерлік мамандықтарға сұраныс жоғары. Біз жәрмеңкені қала орталығында өткізу арқылы жұмыс берушілер мен жастар арасында барынша ашық әрі қолжетімді диалог алаңын жасауды көздедік. Соңғы алты жылдан бері осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеміз. Осы уақыт ішінде 10 мыңнан астам жас жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды», – деді Қостанай облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты филиалының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.

Көптеген түлек үшін бұл жәрмеңке кәсіби өмірге алғашқы қадам болды. Мәселен, Қостанай политехникалық жоғары колледжінің түлегі Мансұр Мадияров өндірістік кәсіпорындардың бірінен тағылымдамадан өтуге ұсыныс алды.

«Мен өндірістік технологияларға бұрыннан қызығамын, мамандығым – техник-электромеханик. Осы жәрмеңке арқылы зауыт өкілдерімен тікелей сөйлесуге мүмкіндік туды. Маған жазғы тағылымдамадан өтуді ұсынды, егер бәрі сәтті өтсе, тұрақты жұмыс орнына қабылдануым мүмкін. Бұл – өзімді көрсетуге үлкен мүмкіндік», – деді ол.

Айта кетейік, «Жастар Рухы» жастар қанаты «Жастарға жұмыс» жобасын 2023 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде отыз мыңнан астам жас жұмысқа жолдама алды, бес мыңнан астам жұмыс берушімен меморандумға қол қойылды. Соңғы екі жылда еліміз бойынша 200-ден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 200 мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар 30 мың жас кәсіпкерлікке арналған 2,5%-дық жеңілдетілген несие бойынша кеңес алды.

Сералы МЫРЗАБАЙ