Қостанайда ойыншық көліктерді жалға бергендерге айыппұл салынады

Қостанайда ойыншық көліктерді жалға бергендерге айыппұл салынады

Қостанай қаласының орталығындағы балаларға арналған ойыншық көліктерді жалға берушілердің кәсібін жүргізіп отырған жер енді ТКШ бөліміне тиесілі болмақ. Айыппұл 14 тамыздан бастап салынады.
Қала әкімі Марат Жүндібаев барлық кәсіп иелері өз істерін заң аясында жүргізуі керек екенін айтады.

– Облыс әкімдігінің жанындағы 12 гектарға жуық жер ТКШ бөліміне беріледі. ҚР ӘҚбК 463-бабына сәйкес, заңсыз кәсіп жүргізіп отырғандар әкімшілік айыппұл арқалайды. Қалалық полиция бөлімі осымен айналысуы қажет. Көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Ешқандай салық төлемейді. Тек өздерінің велосипед, скутер, тағы басқа ойыншық көліктерін жалға беріп, ақша тауып отыр. Сол себепті жеке тұлғаларға 15 АЕК, ЖК 25 АЕК, орта кәсіпкелікке 40 АЕК және ірі кәсіпкерлікке 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады, – деді әкім.

Қала әкімі бұл әрекетті бизнестің жолын бөгеу деп санауға болмайтынын айтты. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, олар ешқандай салық төлемеген және кассалық чектерді де бермейтін болып шықты. Екінші жағынан, ол жер жаяу жүргіншілерге арналған. Қала басшысы жалға берушілерге кәсіптерін жүргізудің балама түрін де ұсынды.

– Біз оларға мүлдем шектау қоймаймыз. Олар өздерінің кәсіптерін жағажай аумағында жалғастыруларына болады. Жақсы жобаларымен келсе, арнайы аумақ беруге әзірміз, – деді Марат Жүндібаев.

Сералы Мырзабай
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу