17 июня, 2025
Қостанайда мүлік иелері бірлестік құруға неге асықпай отыр?

Қостанайда мүлік иелері бірлестік құруға неге асықпай отыр?

Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды. Алайда құрылыс салушы компанияның кепілдігі аяқталған соң, үйдің ары қарай күтімімен кім айналысатыны жайлы мәселе туындап отыр. Мүлік иелерінің бірлестігін құру – көпқабатты үйлерді тұрғындардың өздері басқаруы үшін енгізілген бастама болатын.

Алайда бұл жүйе іс жүзінде толық жұмыс істемейді. Көптеген үйлерде төрағалар сайланбаған. Ал тұрғындар арасынан бас көтеріп, төраға болуға ешкімнің құлқы жоқ. Бәрі жұмысынан қашады. Қоғамдық кеңестің кезекті қоғамдық тыңдауында пәтер иелері бірлестігін дер кезінде құру және жауапты адамды (төраға) сайлау жайы қаралды.

Құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Ирина Викулованың айтуынша, көпқабатты үй салатын компаниялар көп шығынға ұшырап отыр. Өйткені баспана қолданысқа берілгеннен кейін мүлік иелері бірлестік құруға асықпайды. Межелі алты айда ешкім белсенділік танытпайтын көрінеді. Ал осы уақыт аралығындағы коммуналдық төлемді құрылысшы компания мойнына алуға мәжбүр. Қарызды өндіру үшін көп жағдайда сотқа жүгінеді екен.

«Құрылыс жүргізген компания 30 күнтізбелік күн ішінде барлық техникалық құжаттаманы жаңадан құрылған пәтер иелерінің бірлестігіне тапсыруға міндетті. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, пәтер иелерінің бірлестігін ешкім құрып, жауапкершілікті алғылары келмейді. Барлық меншік иелері үйді қарауларына алуға, МИБ арқылы басқаруға, қаржыны бақылауға, тіпті басқа басқарушы компанияны таңдауға дайын емес. Тиімді басқарудың болмауымен қатар, маман жетіспеушілігі де бар. Өйткені, нағыз білікті маман болмаса, кез-келген адам тұрғын үйді ұстап тұра алмайды», – дейді Құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Ирина Викулова.

Ақыр сонында, құрылыс жүргізген компания пәтер иелерінің бірлестігі құрылмағандықтан, коммуналдық шығындарды өздері төлейді. Негізінде құрылыс салушының міндеті үйді толық салып біткен соң, оны басқарушыға өткізу.

«Жаңа үй дегеннің өзінде оның ішкі жұмыстары болатыны сөзсіз. Кез-келген адам басқарушы бола алмайды. Бізде маман тапшылығы да бар. Инженерлік жұмыстарды әр адам жүргізе алмайды. Оған кәсіби біліктілік қажет. Кез-келген үй кәсіби күтімді, күрделі инженерлік жабдықты пайдалануды, қажет болған жағдайда жөндеуді, белгілі бір жұмыстарға, борышкерлермен жұмыс істеуді қажет етеді», – деп толықтырды ол.

Елімізде бұл жүйенін енгізілгеніне бес жыл болған. Алайда ресми түрде көппәтерлі үйлердің шамамен 12 пайызы ғана бірлестік құрған.

 «Ауланы абаттандыру, техникалық жүйелер қараусыз қалуы мүмкін. Ал пәтер иелері өз меншіктеріне жауапкершілікпен қарамайды. Жиналысқа қатыспайды, бастама көтермейді. Бұл немқұрайлылық ақыры үйлердің тозуына, аулалардың қоқысқа толуына әкеліп соғады. Мен өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Өзім тұратын үйде біз қарапайым серіктестік құрдық. Бастамашыл топ құрылды, тұрғындар бірігіп, үйдің техникалық жағдайын өзіміз қадағалап отырмыз. Мәселенің шешімі қарапайым. Яғни, пәтер иелерімен түсіндіру жұмыстарны жүргізу, басқару формасы туралы ақпарат беру, тұрғындармен жиі кездесіп, ақылдасып тұру қажет», – дейді кеңес мүшесі Несібелі Бәсенова.

Бүгінде Қостанайда 1291 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 1051-не пәтер иелерінің тұтыну кооперативі қызмет көрсетеді. Ал 240 тұрғын үй ешқандай бірлестіктің құрамында жоқ. Құрылыс салған ұйым егер басқарушы жоқ болса, тұрғын үй алты ай бойынша қызмет көрсетеді. Сол аралықтағы барлық шығын компания мойнында.

«Құрылыс салушылар мәселемен жүгінген емес. Егер олар мәселесімен келгенде біздің тараптан жұмыстар атқарылады. Яғни, пәтер иелерінің бірлестік төрағасын сайлаймыз. Қосымша жиналыс өткізіп, тұрғындарға жүйені толық түсіндіреміз. Егер тұрғындар басқарушы не МИБ төрағасы болғысы келмесе, біз бір жылға уақытша басқарушыны сайлаймыз. Ал қазіргі таңда қанша үйде милік иелерінің бірлестіктері барын біле алмаймыз. Бізде ондай ақпарат жоқ» – дейді Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің маманы Руслан Ахметжанов.

Қостанай облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Бектұрғанов іс-шараға қатысқан мемлекеттік органдардың, Қостанай облысы бойынша құрылысшылар қауымдастығының өзге де қауымдастықтардың ұсыныстары жазбаша құзырлы органдарға жолданатынын жеткізді.

«Қарастырылып отырған мәселе бойынша барлық ұсыныстар енгізілді. Қоғамдық кеңес мүшелері мүдделі тұлғаларды тыңдап, өз тараптарынан да пікір білдірді. Жақын арада тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсынымдарды қабылдадық», – деді төраға.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ