Биыл өңіріміз 105 мыңға жуық оқушының жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 232,9 млн қаражат қарастырылған. Оған қоса демеушілер, кәсіподақ және ата-аналар да қол ұшын беруге ниетті.
Алдымен, әлеуметтік осал санаттағы балалардың демалысы басты назарда дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева әкімдікте өткен жиында.
– Жекелеген санаттағы 37,8 мың баланы жазғы демалыспен қамту көзделіп отыр. Биыл қала сыртындағы лагерьлер желісі – 12 нысан, оның 9-ы – мемлекеттік және үшеуі – жекеменшік. Олар Арқалық қаласындағы «Строитель», Алтынсарин ауданындағы «Болашақ», және «Светофор» лагерлері. Онда сегіз мыңнан астам баланы демалдыру жоспарлануда. Бәкіров атындағы, «Лесная сказка» және «Алтынгүл» демалыс базаларында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған интернат ұйымдарының тәрбиеленушілері демалады. Қалғандарында әр лагерьдің мүмкіндігін ескере отырып, 3-тен 6-ға дейін ауысым өткізу жоспарлануда, – деді басқарма басшысы.
Білім бөлімдері қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерге жолдама алу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізеді. Жолдама құны 18 бен 75 мың теңге аралығында.
Алғашқы демалыс маусымының ашылуы 9-18 маусым аралығында жоспарланған. Жазғы лагерьлерде жұмыс істеу үшін 4 мыңнан астам педагог жұмылдырылады. «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының «QН Жаздық жолдама» ауылдық балаларға арналған жобасын өткізуі игі дәстүрге айналды, соның арқасында биыл облыстың қала сыртындағы «Балдәурен» және «Болашақ» лагерьлерінде 246 оқушы тегін демалады.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде білім бөлімдері 850-ге жуық баланы түрлі іс-шаралармен қамтуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту мақсатында Әулиекөл ауданында, Лисаков қаласында өңірдің тарихи және киелі жерлеріне экскурсиялық сапарлар, орманға саяхат, шатырлы лагерьде тренингтер, квестер, спорттық ойындар өткізіледі. Ал, Арқалық қаласынан 20 балаға Астананың көрікті жерлеріне екі күндік экскурсия ұйымдастыру да назарда бар.
– Жаздың күндері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Шомылу маусымы басталар алдында облыс әкімінің қаулысымен бекітілген 26 шомылу орны бар. Оның 8 — і, коммуналдық, 18 — жеке жағажайлар. ТЖД сүңгуірлері осы айда 3 балалар сауықтыру лагері акваториясының түбін тексеруді жоспарлаған. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында аймақтың білім беру ұйымдары оқу жылы ішінде қауіпсіздік ережелерін оқыту бойынша түрлі іс-шаралар өткізеді. Жыл сайын шомылу маусымы басталар алдында білім басқармасы осы бұйрықтың орындалуын одан әрі пысықтай отырып, шомылу маусымы кезінде шараларды күшейту туралы бұйрық шығарады. Облыстың балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің бассейндерінде балаларды жүзуге оқыту жүргізіледі, ТЖД мамандарымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырамыз, – деді А.Ибраева.
Аймақ басшысы барлық жауапты тұлғаларға лагерьлердің ашылуына дайындық іс-шараларын қысқа мерзімде аяқтауды, ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді тапсырды. Және жазғы науқан барысында барлық нормалар мен ережелердің сақталуына жүйелі мониторинг ұйымдастыру қажеттігін айтты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ