Қостанайда Литва елінің құрметті консулдығы ашылды

Қостанайда Литва елінің құрметті консулдығы ашылды

Бұл – Литва мемлекетінің Қазақстанда ашылып отырған 11-ші консулдығы.

Екі ел арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да беки түспек. Литвалық әріптестермен байланыс орнатуға қостанайлық кәсіпкерлерге кең мүмкіндік ашылмақ. Экономикалық әртарапты жоспар, белгілі бір стратегия орнығып, өзара мүдделестік басты бағдар болады делініп отыр.

“Қостанай қаласында құрметті консулдығын ашу біз үшін зор қуаныш. Литва-Қазақстан қарым-қатынасы берік, жылдан-жылға күшейе түсуде. Былтыр екіжақты сауда-саттық 800 млн еуроға жетті. Мұның сыртында Қазақстанда 170 шақты литвалық компнаия жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстанның Еуроодақтағы ірі сауда серіктестіктерінің ондығына кіреміз. Өйткені біздің қатынас достастық-құрметке, мәдени байланысқа, өзара прогреске, мүдделестікке құрылған. Қостанай да Литва үшін зор маңызға ие. Бұл – ең ірі астық тасымалдаушы өңір. Азық-түлік және өңдеу өнеркәсібіндегі әлеуетімен де танымал. Ал біз бұл салаға ерекше ден қоямыз”, – дейді Литва консулы Эгидиус Навикас.

Ол Литва мен Қостанай арасында көптеген тікелей қарым-қатынас орнату нүктесі бар екенін айтады. Сондықтан қызметтестік келешегі зор боларына сенім білдіріп отыр. Экономика ғана емес, білім, жасыл энергетика саласында тәжірибе алмасуға жол ашылатынын да сөз етті. Ал Литваның Қостанайдағы консулы қызметін тәжірибелі кәсіпкер Мұхтар Құсайынов атқаратын болды. Литваның біздің елдегі командасына қосылып отырған жерлесімізге жеке мөр және сол мемлекеттің елтаңбасы табыс етілді.

“Сенім білдіргендеріңізге рахмет айтамын. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың беріктігіне көп уақыттан бері куәміз. Енді Қостанай облысымен әріптестік арамыздағы достастықты одан сайын нығайта түсер деген үміттеміз. Ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырып қызмет етуге дайынбыз!” – деді М.Құсайынов.

Консулдықтың ресми ашылу салтанатынан кейін тараптар әріптестік меморандумына қол қойды.

Одан әрі жиынғандар назарына “Мәлім де беймәлім Литва” аталатын көрме ұсынылды. Онда осы елдің көрікті табиғаты, ажарлы шаһарлары мен ауыл-аймақтарының сурет галереясы қойылған. 

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу