Қостанайда күй күмбірледі

Қостанайда күй күмбірледі

Ұлттық домбыра күніне орай Тобыл жағалауында қалалық “Мирас” мәдениет сарайы мен Қостанай облыстық филармониясының ұйымдастыруымен “Күй шеруі” атты мерекелік бағдарлама өтті.

Мерекелік іс-шарада 310 домбырашының қатысуымен жеті күй орындалды.

Атап айтсақ, “Жастар биі” , “Тепең көк” , “Салкүрең” , “Әлқисса” , “Желдірме” , “Балбырауын” , “Ерке сылқым” атты жеті күйді орындаған – “Жұлдыз” , “Айсұлтан” , “Ай Қостанай” , “Аружан” , “Чудо-чудо” , “Белая мама” музыка мектебі мен қалалық балалар шығармашылғы мектебінің домбырашылары.

Домбырашылардың ішінде басқа ұлт өкілдерінің өнерпаз балалары да болды.

Іс-шараның шымылдығын “Зарянка” балалар би театры “Өрнек” биімен ашып берді.

Алғашқы құттықтау сөз кезегін ҚМДБ Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Тәжімбет алып, барша қазақ елі мен қостанайлықтарды мерекемен құттықтап, ұлттық аспабымызды ұлықтауға шақырды.

Кештің төрінен Н.Молдахметов атындағы қазақ ұлттық оркестрі орын алып, бірнеше күйлерді тарту етті.

Кезекті құттықтау сөз кезегін алған облыстық көркемөнерпаздар мен халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаев тұрғындарды мерекемен құттықтай отырып, кешке жиналушыларға алғысын білдірді.

Сонымен қатар Лилия Корда мен Бақытжан Жүнісовке ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның алғыс хатын табыс етті.

Кешті Т.Молдағалиев, С.Әбілов, Г.Абдулина сынды филармонияның өнерпаздары әнмен әрледі.

Ернұр Әуезхан 

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу