Қостанайда Король Седжон атындағы корей тілі және мәдениет институтының алғашқы түлектері сертификат алды

Қостанайда Король Седжон атындағы корей тілі және мәдениет институтының алғашқы түлектері сертификат алды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Король Седжон атындағы корей тілі және мәдениет институтының алғашқы түлектеріне сертификат табысталды. 2024 жылдың қыркүйек айында басталған арнайы курсқа қатысқан студенттер корей тілін меңгеріп, бірінші деңгейлік оқуды сәтті аяқтады.
Сертификат иегерлері қатарында Санжар Сапаров, Степан Пранович, Назерке Баймағамбетова, Махаббат Төлегенова, Алина Нестор және Әсемгүл Серікова бар. Олардың кейбірі жақын арада академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Корея Республикасына жолдама алды.

“Университетке түскен кезде деканымыз корей тілі курсы ашылғанын айтып, болашақта шетелде білім алу мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Мен бұл мүмкіндікті жіберіп алмауды жөн көріп, курсты аяқтадым. Болашақта достарым сияқты Кореяға барып, білімімді жалғастыруды қалаймын”, – дейді ҚӨУ-дың машина құрастыру мамандығының 1-курс студенті Санжар Сапаров.

Король Седжон атындағы институт – Корея Республикасының мәдениет, спорт және туризм министрлігі басқаратын халықаралық білім беру жобасы.

2024 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Dong-Eui университетімен серіктестікте ашылған филиал бүгінде студенттерге корей тілін үйретіп қана қоймай, оларды корей мәдениетімен де таныстырып келеді.

Институт жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Нағима Манасбаеваның айтуынша, алдағы уақытта курс бағдарламалары кеңейтіліп, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ұсынылады.

Арсен КОНКАЕВ,
ҚӨУ-нің студенті
Суреттерді түсірген – Балауса ЖҮНІС

Жаңалықтармен бөлісу