Қостанайда бұл жұмыс соңғы төрт жылда белсенді. Шатыр сырлау, жөндеу жұмыстары қоса жасалады. Әкімдікте өткен жиында тұрғын үйлерді күрделі жөндеудің келер жылға арналған жоспары талқыланды.
Биыл көппәтерлі 32 тұрғын үйді жөндеуге 1,4 млрд теңгеге бөлінген. Қазір 25 үйдің қасбеті сырланып, балкондарының шынысы ауыстырылған.
Сондай-ақ, үйлердің сыртына жарықтандыру жүргізіліп жатыр.
– Абай 2А және Әуежай 45 мекенжайындағы үйлердің жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. 32 үйдің жетеуі күрделі жөнделіп жатыр. Келер жылы да көп қабатты тұрғын үйлерді түгелдей жаңалауды жоспарлап отырмыз, – деді Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғабит Бектабанов.
Келер жылы әл-Фараби мен Байтұрсынов көшесіндегі тұрғын үйлерге сәулет бөлімі әзірлеген жобалық-құндық құжаттамаға сай бірыңғай дизайн коды қолданылады. Қала әкімі шағын және орта бизнес өкілдеріне тұрғын үйдің болашақ келбетінің суретін көрсетуді тапсырды.
– Тұрғын үйлердің бірінші қабатының дені бизнес нысандары. Кәсіп иелері жағдайға бейімделуі керек. Яғни, жарнамалық тақтайшалары, дүкен маңдайшалары бір деңгейде орнатылған болуы шарт. Бейберекет, өз қалауларымен орналастырмайды. Қазірден әзірленуі үшін кәсіпкерлерге үйдің болашақ суретін көрсету қажет. Тұрғын үйлер түрлі-түсті болып тұрмайтынын айтыңыздар, – дейді Марат Жүндібаев.
Айта кету керек, алдағы жылы 20 үйге ағымдағы жөндеу, 16 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қалада барлығы 1228 көппәтерлі тұрғын үй бар.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ