«Turgyndar amanaty» жобасы басталғалы коммуналдық мәселелер дер кезінде шешіліп келеді. Жобаның көздегені де тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру.
«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылған жоба аясында еліміздің түрлі өңірінде тұрғындарды алаңдатқан мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр. Мәселен, Қостанай қаласының Узкоколейный көшесінде орналасқан 24 пәтерлі тұрғын үйде электр жабдығына қатысты күрделі мәселе туындаған. 2023 жылы пайдалануға берілген көп қабатты үй газ жүйесіне қосылмағандықтан, тұрғындар толықтай электр энергиясына тәуелді болып келген. Ғимаратта орнатылған жекеменшік трансформатордың қуаты жеткіліксіз болуы салдарынан ішкі электр желісіне шамадан тыс күш түсіп, жиі қуат көзі ажырап, апаттық жағдайлар болып тұрады екен.
Азаматтар бұл мәселені бірнеше рет жергілікті атқарушы органдарға жеткізгенімен, мердігер компания тарапынан нақты шаралар қабылданбаған. Осыған байланысты тұрғындар «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалына көмекке жүгінді.
Өтініш негізінде партия филиалы мәселені бақылауға алып, мердігер ұйыммен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бір ай ішінде тұрғын үйдің жертөлесіне қуаты жоғары жаңа трансформатор орнатылып, көшедегі ескі әрі қауіпті құрылғы толықтай ажыратылды. Осылайша тұрғын үйді электрмен жабдықтау жүйесі тұрақтандырылды.
«Үш жыл бойы мекемелер шеше алмаған мәселені партия заң шеңберінде бақылауға алып, қысқа мерзімде нүктесін қойды. Қазір үйімізде электр жарығы тұрақты. Бастысы, балаларымыздың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді»,– дейді үй төрағасы Анар Мырзабаева.
Айта кетейік, «Turgyndar amanaty» жобасы аясында көп қабатты үйдің коммуналдық мәселелерін шешу, азаматтарға құқықтық кеңес беру және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Суреттерді ұсынған – «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
