Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғыз басты қарияларға қамқорлық жасап, оларды қоғамға бейімдеу жұмыстарына ерекше ден қойылған. Көмекке мұқтаж азаматтар мемлекет тарапынан ұсынылған әлеуметтік қызметке кез келген уақытта жүгіне алады. Биыл Қостанай қаласында арнаулы санаттағы мүгедектерге үйлеріне
барып, әлеуметтік қызмет көрсету үшін 318,6 миллион теңге бөлінді. Соңғы үш жылда аталған бағыттағы бюджет қаражаты үш есеге ұлғайған.
Апта басында Қостанай қалалық әкімдігінде өткен аппарат жиналысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова сөз сөйлеп, мүгедектерге жасалып жатқан әлеуметтік көмектің барысы туралы баяндады. Бөлім басшысының айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік қызметтің сапасын арттыруға барынша көңіл бөлініп жатыр.
– Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытудың маңызы зор. Біздің бөлімге келіп, кеңес алған әр адамға әлеуметтік қызмет көрсетудің жалпы ережелері туралы толық ақпарат беріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызметкер тағайындаудың өзіндік бекітілген стандарты бар, – дейді Ақбөпе Манатова.
Атап айтқанда, психоневрологиялық ауытқуы бар балалар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар, психоневрологиялық ауруы бар 18 жастан асқандар, жалғызбасты қарттар және бірінші, екінші топтағы мүгедектер әлеуметтік қызметкердің көмегін пайдалана алады. Әлеуметтік қызметкер тағайындалған соң, бір адамға аптасына екі мәрте уақыт бөліп, 1,5-2 сағат қарайласады. Қызмет алушыға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық сала бойынша көмек беріледі.
Қостанай қаласында әлеуметтік қызмет саласын қаржыландыру деңгейі 2020 жылдан бастап өсті. Аталған жылы 131,5 млн теңге бөлінсе, 2021 жылы 209,6 млн, ал 2022 жылы 248,7 млн теңге бөлінген. Былтыр әлеуметтік қызметке сұраныс артуына байланысты қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанынан қосымша бөлімше ашылыпты. Ондағы қызметкерлердің саны да артқан. Осы салада жеті жылдан бері еңбек етіп келе жатқан әлеуметтік қызметкер Кристина Гималова мамандығына асқан жауапкершілікпен қарайды. Ол ұзақ жылдан бері психоневрологиялық ауытқуы бар балалармен жұмыс істейді.
– 2016 жылдан бері әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеймін. Психологиялық және эмоция тұрғысынан оңай емес, бірақ өзіме ұнайды. Балалар табиғатынан шынайы, періште секілді. Іштегі сырларын, көкейдегі ойларын бүкпесіз ашық айтады. Олармен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Күнделікті сабақ өткен соң балалар алғыстарын айтып жатады. Ата-аналары да ризашылықтарын білдіреді. Біздің қызметімізді алушыларды ерекше балалар деп атасақ болады. Әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөлуге тура келеді. Сондықтан, әлеуметтік қызметкер болу үшін ең алдымен рухани кемелденген, сабырлы, салмақты мінез бен мейірім қажет. Әр нәрсеге байыппен қарау керек, – деді Кристина.
Ерекше мамандықтың жауапкершілігін арқалап жүрген әлеуметтік қызметкерлерге бас иеміз. Олардың әр күні маңызды.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ