Көкпардан облыстың ашық чемпионатына ауданнан жеті команда қатысты. Араларында Қостанай қаласы мен жеке облыстық команда да бақ сынады. Жарысты облыс әкімдігінің қолдауымен «Олжа Агро» ЖШС Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырды.
«Осы жеті команданың үздіктерінен облыс құрамасы жасақталып, тамыз айында өтетін республикалық чемпионатқа барады. Бұрын біздің құрам үздік үштіктен түсіп көрмеген. Соңғы жылдары бәсекелестік артты. Биылғы чемпионатқа тыңғылықты дайындалып жатырмыз», – дейді облыстық көкпар федерациясының жаттықтырушысы Бақдәулет Асанов.
Бірінші орынға «Олжа» командасы (700 мың теңге), екінші жүлдеге Қостанай ауданының «Көкжал» командасы (300 мың теңге), үшінші орынға (200 мың теңге) Бейімбет Майлин ауданының командасы, төртінші сатыға (100 мың теңге) Сарыкөл ауданының командасы, бесінші орынға (50 мың теңге) ұлттық ат спорты командасы ие болды. «Үздік көкпаршы» атағын Сайдолла Әзірет жеңіп алса, «Үздік арғымақ» номинациясын Айдарбек Қожаназаровтың Доллар атты сәйгүлігі иеленді.
Одан бөлек, қыз қуу сайысы өтті. Оған бес команда қатысып, Бейімбет Майлин ауданынан Алтынгүл Мұстафина мен Ермек Мұстафин жеңімпаз атанды. Ұлттық ат спорты мектебінен Данияр Әлкей мен Анастасия Қадырова екінші орынға қол жеткізді. Үшінші орынды Нұрислам Ораз, Әлішер Өтеулин алды.