Қостанайда киберспорт бірлестігі құрылды pixabay.com

Қостанайда киберспорт бірлестігі құрылды

Бүгінгі таңда киберспорт – қарқынды түрде қанат жайып келе жатқан салалардың бірі. Әсіресе, жастардың қызығушылығы жыл өткен сайын арта түсуде. Бұл сала инвесторлардың да назарын аудартып, маңызды ойын және қызмет түріне айнала бастады. Видео ойындарға деген қызығушылық артқалы ойыншылар мен командалар әлемдік аренада үлкен танымалдыққа ие болуда.

Қазақстанда Dota 2, Counter – Strike 2 сынды түрлі сайыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізетін көптеген талантты киберспортшылар бар. Жастар жергілікті және халықаралық турнирлерге белсенді қатысып, жоғары деңгейдегі ойын шеберлігі мен стратегиялық ойлау қабілетін көрсетіп келеді.

Қостанай облысында киберспорт қозғалысын дамыту үшін «QostanaiCybersport Federation» қоғамдық бірлестігі құрылды. Федерацияның міндеттері – облыстың 20 киберклубының ойыншыларын бір күшті командаға біріктіру, киберспорттық турнирлер мен жарыстар өткізу үшін инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ киберспортшылардың кәсіби деңгейін арттыру.

Осыған орай «QazaqCybersport Federation» РОО-ның атқарушы директоры Қазбек Жанғазиев пен «Qostanai CybersportFederation» ҚҚ президенті Мұрат Сандыбаевтың қатысуымен «Qostanai CybersportFederation» ұйымының салтанатты ашылуы өтті. Олар өзара мемарандумға қол қойды.

– Біздің елде көптеген талантты киберспортшылар бар. Олардың жетістіктері де жетерлік. Біз Қостанай облысында «Qostanai CybersportFederation» қоғамдық бірлестігін тіркеген болатынбыз. Бүгінгі мемарандум жастарға жаңа белестер ашып, мүмкіндік береді деп ойлаймын. Биылдан бастап киберспорт олимпиадалық сипатқа ие болып, алғашқы олимпиадалық киберспорт ойындары 2025 жылы Сауд Арабиясында өтетін болады. Мүмкін келешекте біздің елде де жарыс ойындары болып қалар, – дейді Мұрат Сандыбаев.

Бұл бастама біздің өңірдегі киберспортты одан әрі дамытуға, жастарды бағыттап, оқытып, дамытуға, сондай-ақ тәжірибе алмасу, ойын деңгейін арттыру үшін өте қажет.

 –Біздің жұмыс істеп жатқанымызға да көп болған жоқ. Бірақ жетістіктеріміз көп. Мүмкін келесі олимпиада ойындарында киберспорт та енетін болар. Біздің бірнеше нақты бағыттарымыз бар. Спортшыларды түрлі турнирлерге жібереміз. Киберспортқа инвес­тиция салатын аса ірі ком­паниялар бар, – дейді атқарушы директоры Қазбек Жанғазиев.

       Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу