Керлинг – өзіндік ерекшелігі бар спорт түрі. Ол елімізде дамып келеді. Қостанай қаласында да соңғы жылдары керлингпен айналысатын жастардың саны айтарлықтай көбейе түскен.
Облыс орталығында 2022 жылы ашылған спорт кешені керлингпен айналысамын дегендерге де есігін айқара ашып отыр. Қостанайда керлинг құрамасы 2020 жылдың ақпан айында пайда болды. Оның негізін қалаушысы – А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ Дене шынықтыру және спорт факультетінің оқытушысы Аманжол Төлегенов. Бастапқыда құрамада баскетбол, волейбол және каратэмен айналысатын адамдар болды. Тәжірибелі спортшыларға жаңа, дербес спорт түрімен айналысу қиынға соққан жоқ. Екі жыл ішінде облыстық команда ішкі аренада жақсы жағынан көріне білді. Оған қоса қаламыздың керлинг командасына 9-15 жас аралығындағы бастапқы дайындық тобына қабылдау жыл сайын өткізіледі.
Керлинг ойыншысы әрі жаттықтырушысы Абай Нұрбаев тек Қостанай аймағында емес, басқа да облыстарда жоғары дәрежеде ойын көрсетіп, ос спорттың жоғары шыңдарын бағындырып жүр.
“1-ші курстың аяғында мен керлинг спортына ынтызар болып, айналыса бастадым. АманжолТөлегенов осы спортқа алғашқықы қадам жасауыма үлкен септігін тигізді. Алғашқы жарыс Алматы қаласында сәтті өтті. Осыдан кейін керлингке деген қызығушылық арта түсті. Керлингке дейін әрқилы спорт түрімен айналысқан едім, оның ішінде жүзу, жеңіл атлетика бар.Бірақ керлинг спорты өзінің өзгешелігімен мені баурап алды. Қазіргі уақытта керлинг спортымен айналысып келе жатқаныма екі жылдан асты. Осы уақыт аралығында көптеген жарысқа қатыстым. Олар – Қазақстан чемпионаттары, жасөспірімдер арасындағы жарыс, Универсиада, Спартакиада және облыстық жарыстар. Жетістіктеріміз де баршылық. Қазақстан чемпионатында, Универсиада ойындарында 1-ші және 2-ші орын, жасөспірімдер арасында өткен жарыста 1-ші және 3-ші орынға ие болдық, – дейді спортшы.
Абай Нұрбаев аз уақыт ішінде тек өзі жаттығып, үйреніп қана қоймай, балаларға да үйретіп, тәжірибесін көп талапкермен бөлісіп жүр.
Қысқы спорт додасындағы ең қызықты әрі ең күрделі ойындардың бірі саналатын бұл керлинг сырт көзге түсініксіз болғанымен, шытырманға толы спорт болып есептеледі. Керлинг Федерациясының жетекшісі Аманжол Төлегенов талапкер жастардың басын біріктіріп, осы уақытқа дейін жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Керлинг спортына 7 жастан бастап қатысуға болады. Қазір бізде 4 дисциплина бар. Олар: аралас жұп, ұлдар, қыздар және аралас команда. Осы сипаттамамен жарысқа түсеміз. Керлинг енді ғана дамып келеді. Ол олимпиадалық спорт түрі болғандықтан, жастар бұған белсенді қатысып жатыр. Мәселен, Абай Нұрбаев секілді шәкіртім жүре-келе өзі шәкірттерін жинап, ұжым құрып үлгерді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу нәтижесінде де жастар мен балалар керлинг туралы ақпарат біліп, оны меңгеруге талпыныс жасайды. Қазір бізде 4 команда бар. Олар: 1-ші бастапқы топ, 2-ші бастапқы топ, сауықтыру тобы және оқу-жаттығу тобы. Әр топ 12-14 адамнан тұрады. Ұзын саны 50-ге жуық бала керлинг спортымен айналысып жатыр,- дейді керлинг жетекшісі.
Бұл ерекше спортқа ерекше қызығушылығы оянған жастардың бірі – ойыншы Абай Нұрбаев. Ол болашағын осы керлингпен байланыстырады.
Керлинг спортын болашағыма, жемісін берер үмітіме балаймын. Биікке жетелер алғашқы қадамды осы спорттан бастаудамын. Керлингпен үздіксіз айналысып, дамытуға тырысамын. Елімізде бұл спорт енді ғана дамып-жетіліп келеді. Жаңа спорт жастар қауымын әлі де қызықтыра түсер деп ойлаймын. Басты мақсатым – керлингте елеулі жетістіктерге жетіп, шәкірттер жаттықтыру, оларды әзірше Қазақстанда көрсету, кейін әлемдік дәрежеге көтеру. Келешекте олимпиада ойындарында бақ сынасым деген арманым бар”, – дейді спортшы.
Дильназ Изделюева,
Журналистика мамандығының студенті