Қостанайда іскер әйелдер форумы басталды

Қостанайда іскер әйелдер форумы басталды

Қостанайдағы «Жастар» сарайында «Еңбегі жанған арулар» атты іскер әйелдер форумы өз жұмысын бастады. Форумға облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, Қазақстан әйелдер күштері альянсінің кеңесшісі Бақытжан Самиева қатысуда.

«Маңызды іс шараның Қостанай облысында өткізілуі – біз үшін үлкен мәртебе», – деп бастады облыс әкімі құттықтауында. –Форум аясында әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, одан әрі дамытудың жаңа мүмкіндіктері зерделенетін болады. Қазақстанның даму жолындағы әлеуметтік-экономикалық реформалардың сәтті іске асырылуына ер азаматтармен қатар, әйелдердің қосқан үлесі зор. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында еліне адал қызмет ететін, отбасының берекесін келтіріп, балаларының қамқоршысы бола білетін қазақстандық әйел бейнесі қалыптасты. Бүгін нәзік жандар мемлекеттік басқару жүйесіне белсенді араласып, кәсіпкерліктің шыңын бағындыруда. Өнер мен мәдениет, білім мен спорт салаларында айтулы табысқа қол жеткізген аруларымызда сан жоқ. Елімізде құрылған Іскер әйелдер қауымдастығының қызметі соған айқын дәлел. Бүгінгі таңда қазіргі қазақстандық әйел елдің саяси, әлеуметтік өмірінде үлкен рөл атқарады және өмірдің түрлі салаларында еңбек етеді. Біздің даңқты жерлестерімізді – есімдері ел тарихына алтын әріптермен жазылған көрнекті қазақ қыздарын атап өткім келеді. Біздің өңірде тұңғыш журналист Назипа Құлжанованың есімін айтпау мүмкін емес. Ол қазақтың алғашқы баспасөзінің қалыптасуына ерекше үлес қосқан Ыбрай Алтынсарин мектебінің түлегі. Социалистік Еңбек ері Кәмшат Дөненбаева Жоғарғы Кеңесте құрметті орынға ие болған, ол – барлық қыздар мен аналарға үлгі».

Бүгінгі таңда 9 млнға жуық экономикалық белсенді қазақстандықтың 4,3 миллионын әйел құрайды. Бұл білім беру саласында 84%-дан астамын және дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің 80 пайызы – нәзік жандылар. Біздің облыстың қыз-келіншектері саяси өмірге белсенді қатысуда. Облыс әкімінің айтуынша, 2023 жылғы сайлау қорытындысы бойынша, өңір барлық деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдер өкілдігінің 34% деңгейіне жетті. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде Қостанай облысынан 6 депутат ұсынылады, олардың екеуі – Екатерина Смышляева, Динара Шүкіжанова. Бүгінде облыстың 6 мың мемлекеттік қызметшісінің 65 пайыздан астамы – нәзік жандылар. Айта кету керек, 6 әйел облыстық басқарманы басқарады, 9-ы қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, 36-сы ауылдық округтердің әкімдері болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес басшыларының арасында 43 пайызы – ханымдар.
Бұл көрсеткіш Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаеваны да қызықтырды.

“Қостанай облысының қыз-келіншектері қашан да белсенді. Басқа аймақтарға үлгі. Бірыңғай тың идеялар мен бастамаларға түрткі болып жүреді. Ауқымды іс-шараның астықты өлкеде өтуінің себебі де жоқ емес. Өзім де осы жерден қалғым келіп кетті”, – деп әзіл-шынын араластыра сөйледі.

Форумға облыстағы ірі кәсіпкерлік нысандарының жетекшілерімен қатар, кәсібін енді бастаған жас кәсіпкер қыз-келіншектер де қатысты. Көршілес ақмолалық, астаналық, алматылық іскер әйелдер де келді. Форум аясында 20 номинация бойынша «Еңбегі жанған арулар» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Мұндай марапатқа бірінші рет ие болып отырған «АВК» ЖК түзету орталығының IT-маманы Ботагөз Байділдинаның қуанышында шек жоқ.

“Тұңғыш балам ерекше болып туды да, үйден көп шыға алмадым. Жарты жыл бұрын түзету орталығына ауыстым. Орталық жетекшісі менің жағдайымды түсініп, келіп-кетіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Конкурс туралы маркетологтан естіп білдім. А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің Ақпараттық технологиялар факультетінде оқыдым. Біздің жұмыс көзге көрінбейді”, – дейді екі баланың анасы Ботагөз Байділдина.

Фойеде «Әлемді өзгертетін әйелдер» вернисажы ұйымдастырылды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу