Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының шығармашылық қоржыны тағы бір тамаша туындымен толықты. Ақын, драматург Ақылбек Шаяхметтің «Министр» атты деректі драмасы қалың көрерменге жол тартты. Қойылымда заңғар тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры Ілияс Омаровтың өмірі мен биік болмысы суреттеледі. Премьераны өнерсүйер қауым ыстық ықыласпен қабылдап, жоғары бағалады.
Ілияс Омаров – қазақтың маңдайына біткен асыл перзенті, есімі тарихқа алтын әріппен жазылған кесек тұлға. Оның өмірі өнегеге толы, қайраткерлік рухы мен адамгершілік қасиеті бүгінгі ұрпақтың үлгі-ұстыны боларлық азамат. Ол сонау «қылышынан қан тамып тұрған», дәрібі қиғаш кеңес дәуірінде ұлттың биік парасатты ұлдарының бірі де бірегейі болды. Арттағы ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап, түрлі жауапты қызметтер атқарды. Қазақ КСР Сауда халық комиссары болып қызмет етті. Алғаш ақындар айтысын сахнаға алып шығып, қазақ тарихының басылып шығуына ұйытқы болды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны ұйымдастырды. Халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға, тарихын түгендеуге зор үлес қосты. «Ұлтшылдарды қолдаушы» деген науқаншыл айыппен қудалауға ұшырады. «Қазақфильм» киностудиясын басқарып, қазақ киносының дамуына күш салды. Мәдениет министрі деңгейіне көтерілді. Эстрадалық өнерді, ұлттық цирк, театр жұмысын жетілдіру, кәсіби өнердің басқа да салаларын тың серпін беру жолында жан аямай қызмет етті. Қазақтың хор капелласын, классикалық және халық билерінің хореграфиясын дамытуға зор үлес қосты… Жалпы, ол елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына жанын салды әрі руханиятымыздың еңсе көтеруіне ықпалы тиді. Тізе берсеңіз, Ілияс Омаровтың қайраткерлігі, ұлт мүддесіне қылған қызметі «бүгінгі көз бүтін көрмес көлемдей» орасан зор. Ал мұндай аңыз тұлға ауқымды шығармаларға кейіпкер болуға әбден лайық. Сондықтан өзінің есімі берілген театрдың сахнасында деректі драманың қойылуы, әлбетте, заңдылық, ғанибетті оқиға… Сонымен, Ілекеңнің күреске толы өмірін, ел мүддесі жолындағы жанкешті еңбегін суреттейтін “Министр” деректі драмасы алғашқы аңдатпасы шыққан күннен жергілікті жұрт асыға күткен премьера болды десек, артық айтпаймыз. Тың туындыны тамашалауға халық аз жиналмады. Бұл шығарма Ақылбек Шаяхметтің «Культурбақан немесе өтелмеген парыз» атты көлемді драмасынан алынып, сахнаға лайықталған. Қойылым режиссері – Фархадбек Қанафин. Оның драма мазмұнын ашып, әсерлі етіп жеткізу үшін көп ізденгені анық көрінеді.Тіл тұсауда, діл құрсауда болған, зиялылар «зиянды» деп танылып, жала мен жазадан көз ашпаған кесірлі кеңес дәуірінің кеспірсіз көріністері көз алдыңа келеді. «Коммунизм» деп ұран салдырған үкімет жансебіл ұлттың қанаты қырқылған руханиятының бұғаудан босауына жол бермейді. Жауапты қызметте жүріп, осы жойдасыздықты жан-жүрегімен қабылдай алмаған Ілияс жатса-тұрса ұлт мүддесіне қайткенде араша түсуге боларын ойлап, қамырық күй кешті. Қолды алыс сермеуге дәме бар да дәрмен жоқ. Қоштаушылар аз, тосқауылшылар көп. Маңайы толған – төменгіні төпелеп, жоғарыны мәпелеп, мақсат-мұратын қате деп, дүрсе қоюшылар. Дегенмен өр тұлға қам-қарекет қылуды тоқтатпады, діттегенінен жалтармай, райынан қайтарғысы келгендерге қасқайып қарсылық көрсетті.«Теңіздің дәмін тамшыдан біл» дегендей, оның ел мүддесіне жасаған ірілі-ұсақты игілік-жақсылықтары осы спектакльде жиі көрініс табады. Айталық, Мұхтар Әуезовке жалған жала жабылғалы жатқанда жазушыға қауіп-қатерді ескертіп, Мәскеуге кете тұруын сұрауы, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловқа баспана алып беруі, ғалым Ермахан Бекмахановқа араша түсуге талпынып, басшылықпен (Жұмабай Шаяхметов) дау-шарға баруы, қазақ тарихын қорғау, дәлелдеу, жарыққа шығару үшін басын бәйгеге тігуі және басқа да эпизодтар легі оның қағидашыл қайраткер екенін шегендей түседі. Оймен жалғыз қалған сәтінде айналасын ақ және қара киінген адамдардың қоршап алып билеуі режиссердің жақсы бір шешімі секілді. Мұны санадағы үміт-күдік тартысы, ізгілік пен зұлымдықтың шарпысы деп түйсінуге болатындай.Ақырғы эпизодтағы шарасыздық шырмауынан күйзеліске ұшырап, жүйкесі мен жанына салмақ түсіп, ауруханада жатып, әке аруағымен тілдесуі, рухтас інісі Жайсаңбек Молдағалиевті қасына алдырып, арзу-арманын айтып, аманатын қалдыру сәті, шешуші диалог әсері көрерменді бейжай қалдырмағанына сенімдіміз. Бір сөзбен, қойылымның көздеген мақсатына жетіп, көпшіліктің көңілінен шыққанына куә бола алдық. Басты рөлді сомдаған дарынды актер Бақытжан Құрмансейітов те өз миссиясын шеберлікпен атқарып шықты. Қойылым соңында облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, театр директоры Азамат Шүкеев спектакльдің жоғары деңгейде өткенін, бұл туындының болашақта ұжымның төлқұжатына айналуға лайық екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ І.Омаровтың премьераға арнайы келген ұрпақтары да сахна төріне көтеріліп, актерлерге алғыс айтып, сый-сияпат табыс етіп, драма авторы мен режиссердің иығына шапан жапты.Расымен де, бұл тың туынды Ілияс бейнесіне қазіргі уақыт тұрғысынан жаңаша қарап, бүгінгі ұрпақтың бойында ұлтжандылық пен отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға үндегендей.
Ақылбек Шаяхмет, драма авторы: «Қостанай жерінде кіндік қаны тамған небір тарландардың, Алаштың қайраткерлерінің, әлемге аты жайылған, исі қазаққа танымал болған тұлғалардың ізін жалғаған, мұрасын сақтауға, ұлттың рухани әлеміне өлшеусіз еңбек сіңірген бірегей тұлғамыз – Ілияс Омаров. Өзімнің драма жанрына бұрылғаныма 30 жылдай болды. Осы уақыт ішінде атаусыз қалмаса да, сахнада тұлғасы сомдалмаған асылдардың образын шығаруға шама-шарқымша күш салдым. Оның бәрі «Көлеңке» аталатын пьесалар жинағына енген. Олардың қатарында Шоқан, Ыбырай, Ахметтерге арнап жазған пьесаларым қойылды. Ал Ілекең туралы шығармам 16 жыл бұрын жазылған еді. Осы уақытқа дейін мінәйі себептермен сахнада жарық көрмей келді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, бүгін қойылып отырғанына өте қуаныштымын. Ең алдымен, драманы сахналаған Фархадбек бауырыма алғыс айтамын. Бұл туындының түпнұсқасының ауқымы әлдеқайда кеңірек, онда қамтылған оқиғалар да, кейіпкерлер де әлдеқайда көп. Әрине, бір сағаттық қойылымға оның бәрін сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен жұп-жұмыр дүние шыққан. Актерлардың да өнеріне дән ризамын!»
Мұрат Ілиясов, қайраткердің ұрпағы: «Біз бүгін ерекше қуаныштымыз. Осыдан 5-6 жыл бұрын «Мәриям-Ілияс» деген спектакль қойылған. Бірақ, шынын айтқанда, оған соншалық разы болған жоқпыз. Ал бүгінгі қойылым өте жақсы, көңілімізден шықты. Атамыздың биік азаматтық, адамгершілік болмысын айна-қатесіз жеткізуге күш-жігер салынғаны көрініп тұр. Бұл театр ұжымының маңдайалды қойылымына айналады деп ойлаймын. Театр басшысымен сөйлескенімізде ол азамат осы спектакльдерді аудан-қалаларды аралап қоямыз, насихатын көбейтеміз деп жатыр. Солай-ақ болсын! Ұжымға, әртістерге, туынды авторы мен режиссерге айтар алғысымыз шексіз!»
Оразалы Жақсан, ардагер журналист: «Мұндай шығарманы дүниеге әкелу үшін сол қаламгердің өзі де ұлтжанды, қайраткер болуы керек. Ақылбек ағамыз сондай тұлға. Ал Ілияс Омаровтың өмірі бәрімізге үлгі ғой. Халыққа адал қызмет етудің, руханият пен мәдениетке деген жанашырлықтың эталонына айналған жан. Бүгінгі қойылымнан көрермен, әсіресе, жастар жағы үлкен тағылым алды деп ойлаймын. Өйткені мұндай спектакльдердің өскелең ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор. Әртістердің ойыны көңілімнен шықты, қай-қайсысы да өздерін жақсы қырынан көрсете білді».
Тоты Айтмағамбетова, облыстық «Тілдарын» орталығының басшысы: «Керемет қойылымға куә болдық. Бір сағаттық қойылымда Ілияс Омаровтың бүкіл ғұмыры көз алдымнан өткендей болды. Басты рөлді сомдаған актер қандай дарынды, өз мақсатына жетіп, тұлға образын жоғары деңгейде алып шықты. Жалпы, Ілияс қазақтың тарихының жоғалмауына, мәдениетінің сақталып қалуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді ғой, соны сахнадан көріп, көзімізге жас алып, жан күйзелісін, арман-мұратын жүрегімізбен сезінгендей болдық. Тамаша қойылымнан тәнті көңілмен тарқасып барамыз».
Бақытжан Құрмансейітов, Ілияс Омаров рөлін сомдаушы: «Орыстың белгілі жазушысы, режиссері Наталья Сац: «Мен Ілияс Омаровпен 15 минут сөйлестім. Осы қысқа уақыт ішінде барша қазақ халқын сүйіп кеттім!» – деп айтқан екен. Ілияс атамыз сол 15 минутта не айтты екен деп ойлаймын кейде. Міне, бүгін қойылымға жастар келіп жатыр. Ілекеңнің өзі де: «Болашақ жастардікі. Ішкенге мәз, жегенге тоқ ұрпақ болмасын», – деді емес пе. Ендеше, елжанды ұрпақтың қалыптасуына осындай тұлғалар, қазыналы қойылымдар зор ықпал тигізеді деп ойлаймын».
Суреттерді түсіргендер – Бағдат АХМЕТБЕКОВ, Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ