28 июня, 2025
Қостанайда есірткіге қарсы марафон өтті

Қостанайда есірткіге қарсы марафон өтті

Қостанайда есірткіге қарсы айлық шеңберінде Тәуелсіздікке 25 жыл жағалауында «Балаларға арналған денсаулық марафоны» өтті. Спортты, шығармашылықты және маңызды әлеуметтік мақсатты біріктіретін жарқын әрі танымдық іс-шара болды.
Іс-шараның көздегені жасөспірімдердің салауатты өмір салтына деген ынтасын қалыптастыру және зиянды әдеттерден, әсіресе есірткіге тәуелділіктен алдын алу.

Негізгі ұйымдастырушылар облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының қолдауымен өтті.

  Марафонға 300-ден астам мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар мен белсенді қала тұрғындары қатысты. Басталмас бұрын қатысушыларға есірткіге қарсы ұрандар жазылған жейделер мен бас киімдер таратылды. Бұл – есірткісіз өмірді саналы түрде таңдаудың символына айналды. Марафон аясында 15 жасқа дейінгі балалар 1 шақырым, ал ересектер 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.

«Марафонның негізгі мақсаты – жарысу емес, бірігу, бірге қадам жасау, зиянды әдеттерден бас тартудың мәнін жеткізу. жастарға есірткісіз өмірдің қуанышқа, қозғалысқа, жетістікке толы екенін жеткізу. Осындай шаралар арқылы біз салауатты өмір салтын дәріптейміз», – дейді облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Айгүл Ераділова.

Облыс орталығындағы «Рамая Радуга» аула клубының мүшелері Соня, Полина және Артём де игі шараға атсалысып, өз үлестерін қосуға келіпті.

«Өте ұнады! Жүгіріске жақсымыз. Бұдан бөлек ұйымдастырылған ойындар, квест жарыстары бәрі көңілімізден шықты. Тапсырмалар да ерекше болды. Ақыл-ойды дамытуға бағытталған іс-шара болды», – дейді қатысушылар.

Қаладағы №19 мектептің 9 «Б» сынып оқушысы Егор Чешинко да спортқа жақын екенін жеткізді.

«Мен «Клуб Романтикке» жиі барып тұрамын. Мұндай іс-шараларға белсене қатысамын. Спорт – менің өмірімнің маңызды бөлігі», – деді ол.

Қостанай қаласындағы 21 аула клубының тәрбиеленушілері белсенді қатысты. Балаларға арналған квест ойындары, командалық жарыстар ұйымдастырылды. Бұл күн – олардың жазғы маусымының жарқын бастамасына айналды.

«Біз жазғы маусымды ашып отырмыз. Балалардың жазғы демалысын пайдалы, белсенді, әрі қызықты өткізу – басты мақсатымыз. «ЖазLive» бағдарламасы аясында осындай іс-шаралар жаз бойы жалғасады», – дейді «Балалар аула клубы» директоры Гүлнара Едігенова.

Марафон – бұл бір күндік іс-шара емес. Бұл – үлкен профилактикалық жұмыстың бір бөлігі. Айгүл Ераділова атап өткендей, бүгінгі таңда жастар арасында есірткіге еліктеу қауіпі жоғары. Сол себепті мектеп жасындағы балаларға, олардың ата-аналары мен ұстаздарына арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жаңа синтетикалық есірткілердің ағзаға зияны, заңдық жауапкершілік пен олардың алғашқы белгілері – барлығы мұқият түсіндіріледі.

«Әр баланың қолында қазір ұялы телефон бар. Өкінішке қарай, интернетте есірткіге қатысты ақпараттар ашық қолжетімді. Сондықтан біз бастапқы сыныптардан бастап түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Баланың мінез-құлқы өзгерсе, күмәнді достар пайда болса – бұл ескерерлік белгілер», – дейді Айгүл Қабденқызы.

Осындай ауқымды іс-шаралар – болашаққа салынған берік іргетас. Бұл күн салауатты өмір салтын қолдайтын, белсенділікке ұмтылатын, қауіпсіз болашақты қалайтын жастардың көбейгенін тағы бір дәлелдеді.

Сабина КЕНЕСБАЕВА,
Сандуғаш БЕКМҰРАТ
ҚӨУ студенттері

Суреттерді түсірген — Георгий Шаповалов