28 июня, 2025
Есірткіге қарсы марафон: 300-ден астам адам қатысты

Есірткіге қарсы марафон: 300-ден астам адам қатысты

Марафонда 300-ден астам қатысушы тәуелділіксіз өмірді таңдайтынын дәлелдеді.

Қалалық триатлон-паркте есірткіге қарсы іс-шаралар айлығы және жүзеге асырылып жатқан «Чемпиондық рух» жобасы аясында жаппай жеңіл атлетикалық марафон ұйымдастырылды. Спорттық акция 300-ден астам қатысушыны жинады. Олардың қатарында – оқушылар, студенттер, түрлі сала мамандары және белсенді қала тұрғындары болды.

Іс-шараны Қостанай облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Марафонға AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері ерікті түрде қолдау көрсетті. Жарыс басталар алдында қатысушыларға есірткіге қарсы символикасы бар жейделер мен бас киімдер таратылды. Бұл салауатты және белсенді өмір салтын саналы түрде таңдаудың белгісі ретінде ұсынылды.

Жүгіру қашықтықтары жас ерекшеліктеріне сай бөлінді: 15 жасқа дейінгі балалар 1 шақырым, ал ересектер 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Жарыстың форматына қарамастан, марафон бәсекелестікке емес, ынтымақтастық пен ортақ құндылықтарды насихаттауға бағытталды. Оның басты мақсаты – есірткі қатерімен күресте қоғамның бірігуі мен спортты зиянды әдеттерге балама ретінде танымал ету.

— Жеңіл атлетика жарысы есірткіге қарсы айлық аясында ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын қолдайтын барлық қамқор тұрғындарға алғыс айтамыз. Біздің басты мақсатымыз — жастарға есірткісіз өмірдің қозғалысқа, қуанышқа және шынайы жетістіктерге толы екенін жеткізу, — деді Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова.

AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы Аружан Сәрсенбаева да марафон туралы пікірін білдірді.

— Бүгінгі марафон — жай ғана спорттық іс-шара емес, қоғамға арналған маңызды үндеу. Қостанай жастары денсаулықты, белсенділікті және дамуды таңдайтынын көрсетіп отыр. Профилактика — қатысудан басталады. Мұндай бастамалар неғұрлым көп болса, балаларымыздың өміріне теріс ықпал ету қаупі соғұрлым азаяды, – дейді ол..

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың жасөспірімдер мен жастардың бойында өмірлік дұрыс бағдар қалыптастырып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және оң мінез-құлық үлгілерін ұстануға ықпал ететінін атап өтті.

Есірткіге қарсы айлық аясында өңірде рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және есірткіден бас тарту мәдениетін қалыптастыруға бағытталған спорттық, білім беру және мәдени іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда.

Қостанайдағы есірткіге қарсы марафон – спорттың салауатты, қауіпсіз және саналы болашақты қалыптастыруда қоғамды біріктіре алатынының жарқын мысалына айналды.

Жанайым Балғынбекқызы,

ҚӨУ студенті