Қостанайда ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобалар іске асырылады

Қостанайда ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобалар іске асырылады

Өңір экономикасының басты драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл саланы қолдауға биыл 100 млдр теңге қаржы бөлінген. Соңғы алты айда 152,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Өңір тұрғындарын азық-түлікпен жергілікті өндіріс орындары қамтамасыз етіп отыр деуге болады. Облыста әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының 16-сы өзімізде өндіріледі. Қазіргі уақытта осы салада ірі өндіріс орындарын ашуға қабілетті кәсіби инвесторлар тарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

«Мәселен, ArmadaFoods түрік компаниясы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, импорт-экспорт тұрғысынан өте тәжірибелі. Олар алғашқы дәнектен бастап, соңғы жемісіне дейін жұмыс істейтін өндіріс орнын ашуды ұсынып отыр. Сондай-ақ, бұршақ дақылын өңдеумен айналысатын «Кайдзен» ЖШС зауыты іске қосылатын күн жақын. Жобаға 4 млрд теңге инвестиция құйылған. 70 адам жұмысқа тартылмақ», – деп отыр өңір басшысы.

Мал шаруашылығы саласының өңірдегі әлеуетін әлі де көтере түсу қажет. Осы мақсатпен қазір көптеген жоба іске асып жатыр. Солардың бірі – құрғақ қымыз өндіретін ферма. Құрылысы жүріп жатқан құны 10 млрд теңгелік нысан келешекте жылына 40 тонна ұнтақ өндіруге қауқарлы болмақ. Жүз адам «қол қолға бір күрек» табады делініп отыр.

«Импортқа тәуелділікті төмендету үшін 23 өнеркәсіптік сүт-тауар фермасын салу жоспарға алынды. Бұған 105 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. 800 жаңа жұмыс орны құрылады деген болжам бар. Алғаш рет осындай алты ферма құрылысына 15 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл – шаруаның басы ғана», – дейді өңір басшысы.

Бұдан бөлек, ірімшіктің он жаңа түрін өндіруге арналған кешен пайда болады. 10 млрд теңгеге Май экстракция зауытын салу жоспарда бар. Сонымен қатар, «Баян-Сұлу»  кондитер өнімдерін өндіретін фабрика салынады. Құны – 13,8 млрд. Ол 260 адамды жұмыспен қамтымақ. Биыл сыйымдылығы 6  мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға беріледі. Алдағы жылы әрқайсысының сыйымдылығы 4 тоннадан болатын тағы екі қойма салу көзделіп отыр. Барлығы климат бақылайтын құрылғылармен жабдықталады.

Жаңалықтармен бөлісу