Қостанай қаласында 2017-2022 жылдар аралығында 7 көшенің атауы ауысқан. Ал, аты қайталанатын 23 көше бар. Әкімдікте өткен жиында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Әзімжанова ономастикалық жұмыс жөнінде баяндап берді.
Жалпы облыс орталығында 428 құрамдас бөлік бар, оның ішінде 287-і көше және 4-і даңғыл. Биыл Респубилкалық ономастика комиссиясына қаладағы 4 көше мен бір саябаққа атау беру жөнінде құжат жолданған.
– Олар Уральский көшесін Шақшақ Жәнібек, Дзержинскийді С.Нұрмағамбетов, Урицкий көшесін С.Бәкіров және Железнодорожныйға Б.Рубинштейн есімін беру. Сондай-ақ, Гашек көшесіндегі саябақты “Ұлы дала” деп атау жөнінде ұсыным жіберілді, – деді С.Әзімжанова.
Сондай-ақ, облыс орталығында Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы дамуына сәйкес келмейтін, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауды иемденген 18 көше бар.
– Мысалы, Амагелді, Геофизик, Дружба және Ударник ауылдарында “Степная” деп аталатын көше бар. 23 көше атауы осылай қайталанады. Атауын өзгерту немесе атау туралы шешім қабылдаған кезде, осындай көшелердің мәселесін бірінші кезекте қарастырған жөн деп санаймыз, – деді бөлім басшысы.
Қала әкімі Марат Жүндібаев көше атауын ауыстыра беру жергілікті тұрғындарды титықтатқанын айтады. Бірақ, қайталанатын көше атаулары халықты шатастыратын болса, мәселені шешу керек деді.
– Жаңа көшеге атау бергенде жан-жақты ойласу керек. Ауыстырудың жөні осы екен деп “Цветочная” болмаса басқа атау бере салуға болмайды. Кейін қайта өзгертіп әлекке түсіп жатады. Нақтыланбайынша атаусыз тұрғаны артық. Жергілікті тұрғындардың пікірін ескерген жөн, – деді қала әкімі.
Сералы МЫРЗАБАЙ