Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әлем балалар көзімен» тақырыбында жас қолөнершілердің көрмесі ашылды. Оған 300-ден астам 4-тен 17 жасқа дейінгі балалардың туындылары қойылған.
Жас талаптардың еңбегін паш ету мақсатында ашылған көрмеге облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, жеке кәсіпкерлер, жерлес суретшілер мен мектеп оқушылар қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен 2021 жылы балаларға арналған бағдарлама басталған болатын. Аталмыш жоба мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында жүзеге асырылып көпшілік арасында «ARTSPORT» атауымен танылды. Жобаның арқасында дарынды бүлдіршіндердің атқарған жұмыстары қоғам арасында белсенді көрініс алды. Бүгін ашылған көрме соның айқын айғағы, – дейді Қ. Атамұратов.
Көрмеге қойылған қолөнерлік бұйымдар еріксіз көз артады. Кісі сүйсінерлік бұйым жасап жүрген жасөспірімнің бірі – Темірлан Нұртай. Ол 10 жасынан бастап қолөнермен айналысып келеді.
– Мен түрлі түсті жүннен сурет жасаймын. Қазірге дейін 9 қолөнер жасадым. Маған жүнмен суреттер жасаған қызық. Бұл көрмеге «Аю», «Арыстан», «Қобыз сарыны», «Ауыл» деген жұмыстарым қойылды. Бүгінгі іс-шараға қатысу арқылы күшті бұйымдар көрдім. Енді көргендерім бойынша жаңа суреттер салу ойымдар бар, – дейді кішкентай қолөнерші Темірлан.
Ескере кету керек облыс бойынша жеті жарым мыңнан астам бала 30 бағыт бойынша үйірмелерге қатысады. Оның ішіне би, вокал, аспаптық және қолданбалы өнер бар. Ал «Әлем балалар көзімен» атты көрмеге бір жарым жыл ішінде әзірленген бұйымдар, суреттер, мүсіншелер қойылған. Көрме қыркүйек айының 15-не дейін жалғасады.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ