Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиында Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұралы Есіргепов мәлімдеді.
– Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл “Тобыл” ӘКҚ “Агромельпром” ЖШС-нен бір келісіне 130 теңгеден 4 500 тонна көлемінде бірінші сұрыпты ұн сатып алды. Қазір тұрақтандыру қорында 5 878 тонна ұн сақтаулы, – деді Нұралы Есіргепов.
Әлеуметтік нан пісіретін наубайханалар ұнды іріктеп алады. Наубайханалар күніне 8,7 мың әлеуметтік нан пісіріп, қаладағы 37 сауда орындарына бір бөлкесін 90 теңгеден жеткізеді.
– Алайда қаладағы бірнеше наубайхана жұмысын тоқтатты. Қазір тек 7 наубайхана жұмыс істеп тұр. Бұл қала үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты ұн өнімдерін және сәйкесінше әлеуметтік нан пісіру жұмыстарын қолға алу керек, – деді ол.
Қала әкімі Марат Жүндібаев әлеуметтік нанға сұраныстың көп екенін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды тез шешуді тапсырды.
– Жұмысын тоқтатқан наубайхана өкілдерімен келіссөз жүргізіңіздер. Жабылып қалуының себебін анықтап, мәселені бірге талқылайық. Наубайхана жұмысын қайта жандандыру қажет. Өйткені, әлеуметтік нан халық үшін ең қажетті, тұтынушылар таршылық көрмеуі керек, – деді қала әкімі.
Қазір әлеуметтік нан мен осы санаттағы тағамдарды тек супермаркеттерден кездестіруге болады. Шағын сауда нүктелері сатып алмайды.
Сералы МЫРЗАБАЙ