Қостанайда жаяу жүргіншілердің көлік астына түсу дерегі жиілеген. Жыл басынан бері 38 оқиға тіркеліп, екі жағдай қайғылы аяқталды. Қалғандары жарақат алған.
Қалалық полиция бөлімінің бастысы Болат Имановтың айтуынша, көбіне әйел адамдар абайсыздық танытады.
“Жақында Тәуелсіздік пен Бородин көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кетті. Қоғамдық көлік жүргізушісі жаяу жүргіншігі өткізіп тұрғанда, екінші қапталдан такси жүргізушісі шығып қалып, соқты. Жүргізушілер ережелерді сақтай бермейді. Қалада жыл басынан бері 1728 жөл-көлік оқиғасы тіркеліп, материалдық шығын келді. Яғни, күн сайын орта есеппен осындай он оқиға тіркеледі. Облыс орталығында жол-көлік оқиғасы, қаза тапқандар саны төмендеген. Алайда, жарақат алушылар саны 5,2 пайызға артып отыр”, – дейді Болат Иманов.
Айта кету керек, 36 қылмыстық іс тіркеліп, 30 мыңнан астам жүргізуші және 5 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
“174 жүргізуші мас және есірткі қолданған күйінде ұсталды. Осы жағдайға байланысты 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жөл-көлік оқиғасынан зардап шеккендер санының өсу себептері бірнеше: көлік жүргізу кезінде жүргізушілердің мұқият болмауы, жылдамдықты асыру, жол қозғалысының қарапайым ережелерін бұзу. Сондай-ақ, патрульдік полиция қызметкерлерінің жылдамдық режимін бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігінің болмауы. Облыс орталығындағы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінде тек 3 Ekin Patrol G2 мобильді камералары бар. Ол құрылғылар 1 сәуірден бастап уақыт белдеуінің өзгеруіне және кешендерді баптау мүмкіндігін болмауына орай жұмыс істемей тұр. Өткен тоқсанда осы кешендердің көмегімен жылдамдық режимін асырған 2 688 жүргізуші анықталған еді”, – деді қалалық полиция бөлімінің басшысы.
Облыста тек 128 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы бар. Оның 28-і Қостанайда орнатылған. Көктемнен бері ол құрылғылардың тек бесеуі ғана жұмыс істеп тұр. Қалған 23-і істен шыққан.
“Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы жұмыс істемегендіктен, жүргізушілер босаңсыды. Соңғы бес айда құрылғы арқылы бар болғаны 10 322 бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (19 944) 50% аз. Сонымен қатар, 48 “Автоураган” кешенінің тек жетеуі ғана жұмыс істейді. Құрылғыларды жөндейтін ұйым мемлекеттік сатып алу арқылы анықталады. Жақында ғана осы іспен айналысатын мердігер белгілі болды”, – деді Болат Иманов.
Дәл осындай үш “Интегра” кешенінің 24 камерасы істен шыққан. Бұл кешен жол қозғалысы қауіпсіздігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жүйе автоматты режимде бірнеше бұзушылықты тіркеуге қауқарлы. Яғни, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кету, қарсы жолаққа шыққандарды, жылдамдық режимін бұзғандарды және рұқсат етілмеген жерде тұрақта тұрғандарды тіркей алады.
Болат Иманов бағдаршамдардың жиі істен шығуы да жол-көлік оқиғасына себеп екенін атап өтті. Қала тұрғындары осы мәселемен “Ikomek” ахуалдық орталығына күніне 3-5 өтінім қалдырады. Ал жыл басынан бері “102” пультіне бағдаршамдардың техникалық ақауы туралы 972 хабарлама келіп түскен.
“Жарық диотты бағдаршамдар 12-15 жыл бұрын орнатылған. Арасында орнатылғанына 25 жылдан асқандары бар. Бағдаршамдарға “МСервис КСТ” ЖШС мердігер ұйымы қызмет көрсетеді. Аталмыш ұйымға бес рет 10 АЕК көлемінде айыппұл санынды”, – дейді Болат Иманов.
Қала әкімі Марат Жүндібаев Қостанайда жүргізушілер арасында мәдениеттің жоқтығын айтады.
“Осындай оқыс оқиғаның болуы қарапайым жол қозғалысы ережелерінің сақтамайтынын көрсетеді. Оның үстіне, байқаймын, қалада жүргізушілер арасында мәдениет төмен. Өзара түсіністік жоқ. Бағдаршам мәселесіне келсек, істен шығатыны жасырын емес. Алайда, жол жүру ережесі бар. Жүргізушілер соған сүйеніп жүрeі керек және қатаң сақтауы қажет”, – деді Марат Жүндібаев.
Полиция бөлімі басшысы Болат Имановтың сөзінше, ереже бұзып, жол-көлік оқиғасына тап болатындардың дені 39 бен 53 жас арасындағылар. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасы қарбалас уақытта жиі болады. Яғни, таңертең, түскі уақытта және кешке.
Әкімдікте өткен жиында жолдағы жолақтар мәселесі де көтерілді. Жолақтарды полиция бөлімі сызбайды. Ол жұмысты мемлекеттік сатып алудан жеңіп шыққан мердігер ұйым істейді. Полиция бөлімі тек жолақтар үлгісін береді, яғни, қай жерде қандай белгі сызылуы керек деген сынды. Ал Қостанайда жолақтарды сызумен астаналық мердігер екі жыл қатарынан айналысып келеді. Қала әкімі кей жерлерде үзік сызықтардың болмауын, мердігердің қала көшелерін дұрыс білмеуінен деп отыр.
“ТКШ бөлімі мердігерді анықтайды. Содан кейін полиция қызметкерлері қай жерде үзік сызық болатынын, қай жерде екі сызық сызылу керегін, барлығын көрсетеді. Егер тиісті жерде сызық болмаса, онда мердігердің кінәсі. Олардың жұмыс әдісі бәрімізге белгілі. Мемлекеттік сатып алудан ұтқан соң, өздері істемей, қосалқы мердігерді жалдайды, ол басқа біреуді жалдайды осылайша жұмыс жүйесізденеді. Ал полиция бөлімі бекіткен жол ережесінде қате болуы мүмкін емес”, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Полиция қызметкерлері сызық сызылған соң, артынан бір тексеріп өтеді. Егер үзік сызық немесе басқа белгі сызылмай кетсе үстінен бояйды. Ал, кейін боялған дүние жаңбырдан, басқа да себептермен өшіріліп қалып жатады.
Сералы МЫРЗАБАЙ