26.07.2025
Қостанайда 45 шақырымнан асатын жол учаскесі жөнделмек

Қостанайда 45 шақырымнан асатын жол учаскесі жөнделмек

Қостанай қаласында көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін соңғы бес жылда 130 шақырым жол жөнделді. Биыл жалпы ұзындығы 45 шақырымнан асатын 90 көшені жөндеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов аппарат кеңесінде хабарлады.

Соның ішінде 80 көше орташа жөндеуден, жеті көше ағымдағы жөндеуден, үш көше қайта жаңғыртудан  өтіп, 49 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.

– Фролов және Нариманов көшелерін қайта жаңғырту жобасы бойынша Абай және Баймағамбетов көшелерінің шекараларында жолды кеңейту және жаңадан көлік тұрағын салу көзделген. Нәтижесінде «Жаңа қала» шағын ауданында көлік қозғалысының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Жолды, көшелерді жарықтандыру ісін әрқашан назарда ұстаймыз. Түнде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл 65 учаскеде 1300 шам, 600 тірек, 260 көше шамы орнатылады. Қазірдің өзінде 27 учаскеде жоспарланған жұмыстар аяқталды, – деді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов.

Жол қозғалысында бағдаршамның атқаратын қызметі зор. Жаяу жүргінші мен көліктің арасындағы байланысты реттеп отыратын жүйеге заманауи әдіс-тәсілдер енгізіліп, озық жабдықтар орнатылуда. Бүгінде Қостанай қаласында 152 жарықдиодты бағдаршам жұмыс істейді. Соның 42-сі былтыр орнатылды. Биыл тағы 41 жаңа үлгідегі бағдаршам іске қосылмақ. Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілгенін айта кетейік. Қазірдің өзінде 67 бағдаршам дәл осы жүйеге қосылған. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін артпақ.

Жол белгілері мен жасанды бұдыр орнату ісі де жалғасуда. Биыл төрт мыңға жуық жол белгісі мен 700 шаршы метр жасанды бұдырды жаңарту жоспарланған. Аялдамаларды жаңарту мақсатында 2022 жылы 100 шыны павильон орнатылған. Алдыңғы жылдары көшелерді қайта жаңғырту кезінде тағы 108 павильон заманға сай түрленді. Оған қоса 35 аялдамаға бизнес субъектілері тартылып, гүл дүңгіршегі, дәріхана, байланыс салоны орналасты. Биыл тағы 35 жаңа павильон орнатуға келісім-шарт жасалған. Оның үшеуі жылы аялдама болмақ.

Жол инфрақұрылымы тұрақты қадағалау мен күтімді талап етеді. Қала уақыт өткен сайын үлгейіп, көлік саны да көбеюде. Сондықтан жолдың сапасын назарда ұстауымыз қажет. Бұл тұрғыда облыс әкімі қаржылай қолдау жасап, жобалардың тиімді іске асуына көмек беруде, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Қымбат ДОСЖАНОВА