Жас сарбаздарды Жеңіс саябағында салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Онда әскерге шақырушылардың ата-аналары, туыстары мен достары жиналды.
“Әрбір ер-азаматтың алдындағы міндет отан алдындағы борышын өтеу. Әр қайсыларыңыз жүктелген міндетті адал атқарып, туған жерлеріңізге саналы, ақыл тоқтатқан азамат болып оралыңыздар. Бірінші кезекте, борыштарыңызды адал атқарып, анттарыңызға берік болыңыздар дегім келеді”, – деді Қостанай қаласы әкімдігінің ТЖ және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Нұрлан Әміров.
Айта кетейік, әскерге күзгі шақырылым қыркүйек айында басталған еді.
Желтоқсан айының 31-не дейін жалғасатын болады.
“Сіздер еліміздегі Қарулы күштердің эилтасы болып саналатын Десанттық-шабуылдау әскерлері қатарына алындыңыздар. Десанттық-шабуылдау әскерлері – жоғары мобильді және заманауи техникамен жарақтанған әскерлер тобы. Жүктелген міндет ауыр. Деск те адал, абыроймен атқарып, ата-аналарыңызбен аман-есен қауышуға тілектеспін”, – деді Қорғаныс департаменті бастығының орынбасары, подполковник Болат Маусымбаев.
Жас сарбаздарды шығару салу рәсімінде таулы Қарабақтағы соғыс қимылдарының қатысушысы, отставкадағы подполковник Батырхан Ақәділов сөз сөйледі.
“Жас сарбаздар жігерлі болыңыздар. Отан алдындағы борышты өтеу үлкен абырой. Осыны мәңгі есте сақтаңыздар. Қай жерде жүрсеңіздер де сіздерге сенім артып отырған жақындарыңыз бен ата-аналарыңыз барын ұмытпаңыздар. Еліміздің қайратты, қайсарлы деген жігіттерінің бірі болып оралыңыздар” – деді ардагер Батырхан Ақәділов.
Нұржан Ізтілеу әскер қатарына алынған отыз сарбаздың бірі. Ол өзіне артылған сенімді ақтап, борышын адал атқаруға серт беріп отыр.
“Ата-анамда қимастық басым. Бірақ, өзім үшін қажетті. Салтанатты шығарып салу сәті болған соң, өзім де толқып тұрмын. Осындай қошеметпен, сеніммен аттандырып жатқанда, абырой биігінен көріну бізге міндет. Әскер қатарына алынып, онда қызмет ету әрқайсымыз үшін де құрмет деп есептеймін. Сол себепті бар күш-жігерімді сарп етуге әзірмін”, – дейді жас сарбаз Нұржан Ізтілеу.
Мейрамгүл Баекенова ұлын әскерге қимастықпен шығарып салды. Қуанышты сезіммен бірге қобалжуы барын да жасырмады.
“Ұлымның ер жетіп, әскер қатарына алынғанына мақтанамын. Біз үшін бастысы борышын өтеп, аман-сау оралғаны маңызды. Ұлыма үлкен сенім артамын. Өзі кішкентай кезінен өжет, батыл өскен бала еді. Одан сайын шындалып келетініне сенімдімін. Сағына күтетін боламыз”, – дейді Мейрамгүл Баекенова.
Салтанатты жиын барысында жас өрендерге әскери қызметшілердің атынан шағын сыйлық үлестірілді. Қостанай қаласынан аттанған сарбаздар борышын Қонаев қаласында өтейтін болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Сурттерді түсірген – автор