Қостанай су кәсіпорыны көрші облыспен бірігіп, ірі жобаны қолға алды

Қостанай су кәсіпорыны көрші облыспен бірігіп, ірі жобаны қолға алды

Қостанайдағы су құбырларының 71 проценті әбден ескірген еді. Қазіргі жағдайда соның басым бөлігі қайта жаңартылды. Бұрын облыс орталығында күніне 15-20 апат тіркелетін. Бүгінде бір-екілі ақау шығады.  Кейбір аптада мүлде тіркелмейді. Бұл дегеніңіз, “Қостанай-су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының жүйелі жұмысының нәтижесі екені даусыз. Кәсіпорын директорының бірінші орынбасары Әнуар Есқатовтың  айтуынша, құбыр ауыстыру, жөндеу жұмыстарына соңғы жиырма жылдың ішінде 35 млрд теңге жұмсалған. Халықты  сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме үстіміздегі жылы тағы ауқымды жобаларды қолға алды. 

– Әнуар Қорғанбекұлы, әңгімемізді, қала тұрғындары тұтынатын  негізгі су көздерінен бастайықшы. Өйткені, халықтың денсаулығы  ішіп отырған ауыз суға көп қатысты…

– Сұрағыңызды түсіндім. Жалпы, бізде екі су көзі бар. Бірі- қуаттылығы тәулігіне 149,9 мың  м3-ге  тең Аманкелді су қоймасы, екіншісі – қуаттылығы 35,0 мың м3 Қостанай жерасты су көзі. Осы екі жерден бізге күніне жүз мыңдаған  кубометр су жеткізіледі. Оны әбден тазартып, сүзгіден өткізіп барып, тұтынушыларға таратамыз. Қазір күніне  халыққа күніне 55 мың кубометр су беріп отырмыз. Қорымыз өте мол. Тіпті, жаңа зауыт салған жағдайда да, біз оны  жеткілікті мөлшерде  қамтамасыз ете аламыз.  Яғни, қалаға су жетпей қалады деген қорқыныш жоқ. Қала ішіндегі үш үлкен магистрал түгел жаңартылған. Енді шағын көшелердегі құбырларды ауыстырып жатырмыз. Мұның тіршілік нәрін үнемдеуге көп септігі бар. Әрі үйлерге суды үздіксіз беру мәселесі күн тәртібінен түспек емес.

–Дегенмен, қаладағы  құбырлар жиі жарылып, тұрғындарға су беру мәселесі күрделеніп жататынын көріп жүрміз. Әсіресе, жаз айларында мұндай жағдай жиілеп кетеді. Себебі неде?

–Иә, өкінішке қарай, мұндай жағдайлар болып тұрады. Өйткені, ұзақ жылдан бері қаладағы ірілі-ұсақты су магистралдары ескірген. Оның бәрін әп-сәтте ауыстырып тастау әсте мүмкін емес. Бірақ, қолымыздан келгенше, апаттық жағдайларды болдырмауға тырысып жатырмыз. “Қостанай-су” кәсіпорны қаладағы            1 140,3 шақырымдық инженерлік желілерге қызмет көрсетеді. Оның  652 шақырымнан астамы су құбыры, 488 шақырымы кәріз жүйесі. Мұның сыртында үш үлкен, жеті шағын  су соратын станса, бірнеше кәріз-сорғы стансасы істейді. Осының бәрі қалыпты жұмыс істеуі үшін біз үнемі жаңартып отырамыз.  Мәселен, биыл тозығы жетіп, әбден ескірген құбырларды  ауыстырып, апаттық жағдайлардың алдын-алу үшін  200 млн теңгеден астам қаржыға жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда төрт  шақырымнан астам су жүйелері жаңартылды. 26 өрт гидранттарын жөнделді. Оның үстіне, “Қостанай-су” МКК-ның өз күшімен кварталішілік кәріз жүйелері тазартылды. Мұндай  ауқымды шаралар жыл бойы атқарылады. Осының бәрі бюджеттік қаржы есебінен өтелді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы инвестициялық бағдарлама шеңберінде жалпы құны 937 млн теңгеден астам  қаржыға 58 шара қарастырылған. Бастапқыда жаңадан төрт техника, жаңа қондырғылар сатып алынды.  Мұның сыртында биыл алты ірі жобаны қолға алдық. Мәселен, Урицкий және Тәуелсізді көшелерінің бойындағы, ұзындығы 0,7 шақырым болатын су құбырын жаңартуға 65 млн теңге жұмсалмақ. Быковский көшесіндегі, ұзындығы 300 метрлік су құбырын айырбастауға 25 млн теңге бөлінді. Оған қазіргі таңда құбырлар төселді. Сондай-ақ,  Я.Гашек, Л.Беда, Волынов көшелерінде де осындай құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Екеуін пайдалануға беру келесі жылға қалуы мүмкін. Мұның бәрі инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асатын шаралар.

– Инвестициялық бағдарлама демекші, осыдан екі жыл бұрын кәсіпорынның базасында су тазартатын ауқымы құрылыс жобасы басталған еді. Мұның сыртында сіздер ғылыми институтпен бірлесіп, ағынды суларды қалпына келтіретін үлкен жобаға кірістіңіздер. Осы екі жобаның қазіргі аяқ алысы нешік?

–Жоғарыда айтып өткенімдей, соңғы жылдары жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың арқасында бірқатар проблема шешілді. Жаңа өзіңіз айтқандай,  кәсіпорынның жанынан сиымдылығы 100 мың  м3 су тазаратын стансаның құрылысы жүріп жатыр. Оған республикалық, облыстық бюджеттен 6 млрд 777 млн теңге жұмсалмақ. Бұл ауқымды инвстициялық жобаларымыздың бірі. Екіншіден, биыл алғаш рет  Петропавл қаласының М.Жұмабаев атындағы ғылыми институтымен бірлесіп, үлкен жобаны қолға алдық. “Қостанай-су” МКК-нің меншігінде 7 гектардай жер телімі бар. Онда үлкен су қоймасы орналасқан. Қаладан небары 14 шақырым жердегі Самир ауылының маңындағы бұл көлге қаладағы барлық лас су төгіледі. Аталған жобаға сәйкес біз қазір осы көлді тазартып жатырмыз.  Яғни, “Хлорелла” микробалдырларының көмегімен альгоценозды түзету арқылы ағынды су қоймасын оңалтуға кірістік. Үш жылға арналған жобаның құны 320 млн теңге тұрады. Өйткені, бізде басқа тұрақты кәріз суларын тазарту орны болған емес.  Әлгі көлге барып құятын  ағынды суларда кислород жоқ. Оған хлорелланы қосу арқылы концетранттық кислородтың мөлшерін ұлғайтамыз. Соның арқасында  көлдегі балдыр, шылаулар 48 процентке кеміді. Бірер жылдан кейін көлден бұрынғыша балық аулай беруге болады. Хлорелла дегеніміз пайдалы бактерия.

–”Қостанай-суға” жұмысшы тұрақтамайды деген сөз бар? Бұған нендей уәж айтасыз?

–Иә. Мұндай фактілер бар. Кәсіпорында жалақының аздығынан көп маман шығып кетті. Сол кезде бір қауым инженерлік құрамды жоғалтып алдық.Көлік жүргізушілері керек.  Қазір инвестициялық участікте 30 ваканция бос тұр. Су құбыры жүйелерінде  қажетті алпыс адамның орнына отыз-ақ адам еңбек етеді.  Сондықтан, жұмысшылардың жалақысын 1 маусымнан бастап 28 процентке көтердік. Әзірге, біздің мамандардың орташа айлығы 180 мың теңге шамасында. Оның үстіне, жылма-жыл жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы жұмсалады. Соның бәрі тариф бағасына тікелей байланысты. Біз осыған дейін үш-төрт жыл бойы бағаны көтерген жоқпыз. Шілде айынан бастап су бағасы шамамен 7 процентке өсті. Яғни, тариф алты теңгеге ұлғайды. Бұл кәсіпорынның жұмысын жандандыруға көп септігін тигізеді. ең бастысы-жұмысшыларымыздың жалақысын көтеруге мүмкіндік туды.

–Дәл күні бүгін қала тұрғындарының мекеме алдындағы қарызы қанша? Көптен бері төлемей жүрген борышкерлер бар ма?

–Тұрғындардың кәсіпорын алдындағы берешегі де онша көп емес. 110 млн теңге көлемінде. Кейбіреу төлемді көп ьболса бір-екі кешіктіреді. Ал негізінен тұрғындардың төлем жүргізу қабілеті жоғары. Абоенттердің 98 процентінде есептегіш қондырғылар орнатылған. Халық суды қанша пайдаланса да, әлгі есептегіште көрсетілген сомадан артық төлемейді. Әлгінде айтқанымдай, біз тарифті 2026-шы жылға дейін белгіледік. Оған дейін көтеруге қақымыз жоқ. Қазір кәсіпорынның техника паркін жаңартып жатырмыз. Онсыз жұмыс жүрмейтіндігі белгілі. Біз МТЗ, эксковато, авто-ремонт шеберханасы, вакуумкалар алдық. Әлі де он шақтысын сатып алмақпыз. Ол үшін Қостанайдағы “Аллюр” автокөлік зауытына өтініш бердік. Әрине, мұның бәрі ақшаға кеп тіреледі. Жалпы, кәсіпорынның басты міндеті – халыққа сапалы қызмет көрсету. Осы үдеден шығуды көздейміз.

–Рахмет әңгімеңізге!

Әңгімелескен Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ.

Жаңалықтармен бөлісу