30 сәуір күні Рудный қаласындағы «Gornyak Arena», қалалық Мәдениет және демалыс саябағында және 1 мамырда Қостанай қаласының жаздық полигонда сенбілік өтті.
Бұл іс-шара TURAQTY JOL 6.0 Ұлттық әлеуметтік эконауқанының бастау алуына орай Жалпыұлттық экоакция аясында ұйымдастырылды. Мақсат – экологиялық мәдениетті арттыру және жастарды тұрақты даму бастамаларына тарту.
Аталған жоба Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» бастамасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылып жатыр. Осылайша Қостанай облысы тұрғындары қаланы көгалдандыруға үлес қосып қана қоймай, таза әрі салауатты орта үшін жалпыреспубликалық қозғалыстың бір бөлігіне айналды.
Іс-шара аясында Қостанай облысы және Рудный қаласы әкімдігімен бірлесіп, саябақтар аумағын тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл акция тұрақты даму идеалдарына адалдықты көрсетіп, табиғатты аялау ісінде әр адамның жеке үлесінің маңызды екенін айғақтайды.
Эконауқанның осы кезеңінің ерекшелігі – оның ауқымдылығында. Іс-шаралар еліміздің 17 өңірі мен республикалық маңызы бар қалаларында бір мезгілде өтіп, мыңдаған қатысушыларды біріктірді.
Айта кетейік, TURAQTY JOL – өскелең ұрпаққа мәдени, адамгершілік және экологиялық құндылықтарды сіңіру арқылы туған жерге ұқыпты қарау көзқарасын қалыптастыруға бағытталған білім беру бастамасы. Бұл бағдарлама – Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясы тарапынан табысты өткізілген бес кезеңдік жобаның жалғасы.
Гүлназ Өмірзақ,
ҚӨУ студенті