Мұнан бұрын хабарлағанымыздай Арқалықта ертелетіп басталған балуандардың белдесуі жанкүйерлерін жанына көптеп жинады.
Сегіз салмақ дәрежесінде сынға түсіп, «Қайрат» спорт кешенінде баптары мен бақтарын сынаған спортшылар кешкісін орталық алаңда жеңімпаздарын анықтап, «Түйе балуан» сайысында 18 спортшы төс түйістірді.
«Қазақстан Барысы – 2026» республикалық турниріне жолдама беретін маңызды іріктеу сайысының ашылу салтанатында еліміздің Әнұраны асқақтады.
Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, облыстық Ұлтық және олимпиадалық емес спорт клубының басшысы Мылтықбай Абдуайтов және турнирдің бас төрешісі, Халықаралық дәрежедегі төреші Азамат Ерәділовтер балуандарға ақ жол тілеп, елдің абыз ақсақалы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Қайырден Тұрсынбекұлы батасын берді.
Ашық аспан астында атой салған алып білектілердің сайысы аса тартысты әрі қызықты өтті. «Күш атасын танымас», — деп салмақ дәрежелері тең болмаса да қарсыласын шаң қаптырып кеткен балуандар да аз болмады. Әсіресе, 90 келі салмақтағы спортшы Тимур Әбутайдың өзінен 50 келі салмағы басым балуандарды жерге топырлатып тымақша алып ұрғаны жанкүйерлерінің айызын қандырды.
Нәтижесінде, Алмас Жұмағали мен Тимур Әбутай «Қостанай қыраны – 2026» облыстық турнирінің жеңімпазы атанып «Қазақстан Барысы – 2026» республикалық турниріне жолдама алды.
Тимур Әбутай,
«Қостанай қыраны – 2026» күміс жүлдегері:

«Бүгінгі жарыс мен үшін сәтті өтті. «Қазақстан Барысына» жолдама алдым. Құдай қаласа дайындықты одан әрі күшейтіп, елдің үмітін ақтауға бар күшімді салмақпын».

Турнир қорытындысында барлық салмақ бойынша жеңімпаз атанғандар мен жүлдегерлерге де марапат сый – құрметтер көрсетілді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
